Қасым-Жомарт Тоқаев: – Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы.
Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы туралы айтқан сөзі әр азаматқа үлкен ой салады. Расында да, тазалық – тек көшені жинау емес, ол адамның ішкі мәдениетінің көрінісі. Егер адам өз үйін, ауласын, табиғатты таза ұстаса, бұл оның туған жеріне деген құрметін білдіреді.
«Тазалық әр адамнан басталуы керек» деген пікірмен толықтай келісемін. Кейде адамдар тазалықты тек арнайы қызметкерлердің жұмысы деп ойлайды. Бірақ қоршаған ортаның таза болуы әрқайсымызға байланысты. Қоқысты кез келген жерге тастамау, табиғатты бүлдірмеу, қоғамдық орындарды таза ұстау – әр адамның азаматтық борышы.
Президенттің «Бұл – бір күндік науқан емес, бұл – өмір салты» деген сөзі өте маңызды. Өйткені тазалық уақытша акция емес, күнделікті әдетке айналуы керек. Егер әр адам бала кезден тазалыққа үйренсе, болашақта еліміз де таза әрі көрікті болады. Таза ортада өмір сүрген адам да өзін жайлы сезінеді.
Сонымен қатар бұл бастамада жастардың рөлі ерекше деп ойлаймын. Жастар экологиялық шараларға белсенді қатысып, қоғамға үлгі көрсетуде. Олар сенбіліктер ұйымдастырып, ағаш отырғызып, табиғатты қорғауға атсалысып жүр. Осындай істер арқылы жастар ел болашағына бейжай қарамайтынын дәлелдеуде.
Табиғатты қорғау – келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Егер біз бүгін қоршаған ортаға қамқорлық жасасақ, ертеңгі ұрпақ таза ауа жұтып, таза табиғатта өмір сүреді. Сондықтан «Таза Қазақстан» идеясы барша халықты біріктіретін маңызды бастама деп есептеймін.
Қорытындылай келе, Президенттің бұл сөзі қоғамды тазалыққа, тәртіпке және жауапкершілікке шақырады. Әр адам өзінен бастап, қоршаған ортаны таза ұстауға үлес қосса, еліміз де гүлденіп, көркейе түседі.
Ринат ЕСҚАЛИ,
Исатай аудандық Ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы



