Тазалық – ұлт мәдениетінің айнасы

 

«Таза Қазақстан» – бұл тек экологиялық акция ғана емес, ел болашағына бағытталған маңызды қоғамдық бастама. Оның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау және халықтың экологиялық мәдениетін арттыру. Бүгінгі таңда табиғаттың тазалығы мен экологиялық тепе-теңдік – бүкіл адамзат үшін өзекті мәселе. Сондықтан мұндай бастамалардың маңызы ерекше.

Аталған акция халықты бірлікке, ортақ іске жұмылуға үндейді. Әсіресе, жастардың белсенді қатысуы – қуантарлық жағдай. Себебі жас ұрпақ табиғатқа жанашыр болып өссе, болашақта еліміздің экологиялық жағдайы да жақсара түсері сөзсіз. Сенбіліктерге қатысу арқылы адамдар тек айналаны тазалап қана қоймай, өздерінің туған жеріне деген сүйіспеншілігін де көрсетеді.

Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» бастамасы әр азаматтың жауапкершілігін арттырады. Тазалық сақтау тек бір күндік шарамен шектелмеуі тиіс. Әр адам күнделікті өмірінде қоршаған ортаны таза ұстауға атсалысқанда ғана нақты нәтиже болады. Қоқысты кез келген жерге тастамау, табиғатты ластамау, жасыл желекті күтіп-баптау – бұл әрқайсымыздың міндетіміз.

Қорытындылай келе, «Таза Қазақстан» – елдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Мұндай игі бастамалар жалғасын тауып, халық тарапынан кең қолдау тапса, Қазақстанымыздың табиғаты көркейіп, таза әрі жайлы елге айналары анық.

 

Жұлдыз СЕМБИЕВА,

тілші

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT