Тазалық мәселесі тек қоршаған ортаның жағдайымен шектелмейді

ашық дереккөзден

 

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасын мен еліміздің болашағына бағытталған маңызды қоғамдық бастамалардың бірі деп бағалаймын. Себебі тазалық мәселесі тек қоршаған ортаның жағдайымен шектелмейді. Ол адамның мәдениетімен, жауапкершілігімен және қоғам алдындағы азаматтық ұстанымымен тікелей байланысты. Таза көше, абаттандырылған аула, жасыл саябақ пен қоқыссыз табиғат – халықтың өмір сүру сапасына әсер ететін маңызды факторлар.

Бұл тұжырымдама адамдарды табиғатқа жанашыр болуға және қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға шақырады. Қазіргі таңда қоршаған ортаның ластануы бүкіл әлем үшін өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан Қазақстанда экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызы зор. Әрбір азамат «тазалықты біреу жасап береді» деген түсініктен арылып, өзінен бастау керек. Мысалы, қоқысты сұрыптау, пластикті шамадан тыс пайдаланбау, ағаштарды сындырмау, су мен электр энергиясын үнемдеу секілді қарапайым әрекеттердің өзі табиғатты қорғауға қосылған үлес болып саналады.

Сонымен қатар «Таза Қазақстан» адамдардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырады деп ойлаймын. Өз қаласы мен ауылын таза ұстаған адам оның дамуына бейжай қарамайды. Қоғамдық орындарды бірге тазалау барысында адамдар ортақ іске атсалысып, өзара түсіністік пен бірлікті нығайтады. Сондықтан бұл бастаманың тәрбиелік мәні де ерекше. Егер тазалыққа деген жауапкершілік әр адамның күнделікті әдетіне айналса, Қазақстанның әрбір қаласы мен ауылы таза, жасыл әрі жайлы мекенге айналары сөзсіз.

 

Г.ӨТЕМІСҚЫЗЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT