Тазалыққа жанашырлық - елге деген құрмет

Сурет ғаламтордан

 

Қазақстан үшін тазалық мәселесі – тек экология емес, бұл ұлт мәдениетінің, қоғам санасының көрсеткіші. «Таза Қазақстан» бастамасы қоршаған ортаға жанашырлықпен қараудың маңызын терең ұғындырған маңызды жобаға айналды. Себебі туған жердің тазалығы – оған деген құрметтің, елге деген сүйіспеншіліктің белгісі.

Бүгінде бұл бастама халықты ортақ іске жұмылдырып қана қоймай, адамдардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертуге де ықпал етуде. Аула тазалау, көшелерді абаттандыру, ағаш отырғызу, өзен-көл жағалауларын қоқыстан арылту секілді жұмыстар – қоғам үшін аса қажет игі істер. Осындай шаралар арқылы жастар еңбекке, жауапкершілікке және қоршаған ортаны аялауға тәрбиеленеді.

Тазалық – бір күндік науқан емес, ол күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Кейде адамдар тазалықты тек коммуналдық қызметтің міндеті деп қабылдайды. Алайда қоршаған ортаның таза болуы әр тұрғынның мәдениетіне, жанашырлығына байланысты. Әр адам өз ауласын, көшесін, қоғамдық орынды таза ұстаса, еліміздің де келбеті көркейе түседі.

«Таза Қазақстан» бастамасының тағы бір маңызды тұсы – ел тұрғындарының бірлік пен ұйымшылдыққа бет бұруы. Ортақ іске жұмылған халық туған жердің көркеюіне бірге үлес қосып, қоғамдағы жауапкершілік сезімін күшейтеді. Бұл – өскелең ұрпаққа үлгі болатын маңызды құндылық.

Таза табиғат – денсаулық кепілі, ал таза орта – сапалы өмірдің негізі. Сондықтан туған жердің тазалығына бейжай қарамай, табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны күтіп ұстауды әр азамат өзінің азаматтық парызы деп түсінуі қажет. Сонда ғана «Таза Қазақстан» идеясы шынайы мәнге ие болып, болашақ ұрпаққа көрікті де таза ел аманат етіледі.

 

Батима МҰРАТОВА,

ардагер ұстаз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT