«Таза Қазақстан» — қоршаған ортаны тазалауға бағытталған бір реттік акция ғана емес, қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыратын маңызды бастама деп ойлаймын. Тазалық адамның күнделікті өмір салтынан басталады. Көшені, ауланы, саябақты тазалау маңызды болғанымен, одан да маңыздысы — сол тазалықты сақтай білу. Егер әр азамат қоқысты белгіленген орынға тастап, табиғатқа ұқыпты қарап, қоғамдық орындардың тазалығына жауапкершілікпен қараса, үлкен нәтижеге қол жеткізуге болады.
Бұл тұжырымдаманың ерекшелігі — тазалық мәселесін тек коммуналдық қызметтердің міндеті ретінде қарастырмай, оған бүкіл қоғамды жұмылдыруында. Мектеп оқушысы да, студент те, кәсіпкер де, мемлекеттік қызметкер де өз үлесін қоса алады. Ауладағы бір талды күтіп-баптау, сенбілікке қатысу, қоқысты сұрыптау немесе табиғатты ластамау сияқты қарапайым әрекеттердің өзі елдің экологиялық жағдайына әсер етеді. Сондықтан «Таза Қазақстан» ең алдымен адамның табиғатқа және туған жеріне деген жауапкершілігін арттыратын мәдениетке айналуы керек.
Г.ӨТЕМІС


