Транскаспий талшықты-оптикалық желі – Қазақстанның цифрлық болашағына бастар жол

Сурет ғаламтордан

 

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы Транскаспий суасты талшықты-оптикалық байланыс желісінің іске қосылуы – еліміздің цифрлық дамуындағы маңызды қадам. Бұл жоба екі мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтып қана қоймай, Қазақстанның Азия мен Еуропаны байланыстыратын цифрлық көпір ретіндегі әлеуетін арттырады.

Қазіргі заманда цифрлық инфрақұрылымның дамуы экономикалық өсімге, инвестиция тартуға және жаңа технологияларды енгізуге тікелей әсер етеді. Сондықтан Каспий теңізінің түбі арқылы тартылған жаңа кабель еліміздің халықаралық интернет-трафикті өткізу мүмкіндігін кеңейтіп, байланыс арналарының сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, деректерді өңдеу орталықтарын, бұлтты технологияларды және жасанды интеллект саласын дамыту үшін мұндай инфрақұрылымның маңызы зор.

Жобаның тағы бір артықшылығы – Қазақстанның халықаралық цифрлық транзиттегі рөлін күшейтуі. Бұл елімізге шетелдік технологиялық компанияларды тартуға, отандық IT-сектордың дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар балама байланыс бағытының болуы жаһандық желілердегі ықтимал іркілістердің әсерін азайтып, цифрлық қауіпсіздікті нығайтуға жағдай жасайды.

Менің ойымша, бұл бастаманың нәтижесін тек техникалық көрсеткіштермен ғана емес, оның ел экономикасына әкелетін нақты пайдасымен де бағалау қажет. Ол үшін жоғары жылдамдықты байланыстың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, отандық цифрлық қызметтерді дамытуға және халықаралық әріптестікті кеңейтуге басымдық берген жөн.

Қорытындылай келе, Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі – Қазақстанның технологиялық әлеуетін арттыратын әрі елдің халықаралық цифрлық кеңістіктегі орнын нығайтатын стратегиялық маңызы бар жоба. Мұндай бастамалар еліміздің заманауи технологияларды дамытуына және болашақтағы экономикалық бәсекеге қабілеттілігін күшейтуіне берік негіз қалайды.

 

Ерболат НАСИМУЛЛИН, 

Исатай аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы 

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT