Тәртіп бар жерде – әрқашан сенім бар

ашық дереккөзден

 

Қоғамдағы тәртіпті тек көшедегі тыныштықпен немесе құқық бұзушылықтың болмауымен өлшеуге болмайды. Тәртіп – адамдардың бір-біріне деген сенімінен де көрінеді. Адам өз құқығы қорғалатынына, заң бәріне ортақ екеніне және қоғамдық ережелердің сақталатынына сенген кезде қоғамда тұрақтылық қалыптасады.

Мысалы, жолда әр жүргізуші өзіне ғана ыңғайлы әрекет жасай берсе, қозғалыс қауіпсіз болмайды. Қоғамдық орында әр адам өз тәртібін өзі белгілесе, ортақ кеңістікте өмір сүру қиындайды. Демек, тәртіп – адамның еркіндігін шектеу үшін емес, көпшіліктің қауіпсіз әрі тыныш өмір сүруі үшін қажет ортақ келісім.

Заңның басты құндылығы да осында деп ойлаймын. Заң адамдарды бір-біріне қарсы қою үшін емес, олардың құқықтары мен міндеттерінің шекарасын айқындау үшін керек. Менің еркіндігім басқа адамның құқығына зиян келтірмеуі тиіс. Ал басқа адамның еркіндігі менің қауіпсіздігіме нұқсан келтірмеуі қажет.

Әсіресе жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру маңызды. Жас адам өз құқығын, міндетін және жауапкершілігін неғұрлым ерте түсінсе, соғұрлым саналы азамат болып қалыптасады. Құқықтық білім тек мектептегі немесе жоғары оқу орнындағы сабақпен шектелмей, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналуы керек.

Меніңше, тәртіпті қоғамда адамдар бір-бірінен қорықпайды, керісінше бір-бірінің құқығын құрметтейді. Мұндай ортада қоғамдық сенім де нығаяды.

Заң – тәртіптің негізі болса, тәртіп – қоғамдық сенімнің негізі. Ал сенім бар жерде мемлекет пен азамат арасындағы жауапкершілік те күшейеді.

 

Ф.ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT