Менің ойымша, заң мен тәртіп — қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің негізгі тірегі. Заң барлық азамат үшін ортақ ереже болып саналады. Егер әр адам өз құқығын біліп қана қоймай, өз міндетін де жауапкершілікпен орындаса, қоғамда әділдік пен өзара құрмет қалыптасады. Заңды сақтау тек жазадан қорқу емес, өзге адамдардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу екенін түсіну маңызды.
Қоғамдағы тәртіп әр азаматтың күнделікті әрекетінен басталады. Жол ережесін сақтау, қоғамдық орында өзін мәдениетті ұстау, басқа адамның мүлкіне қол сұқпау, заңсыз әрекеттерге жол бермеу — қарапайым көрінгенімен, қоғам қауіпсіздігі үшін өте маңызды. Әсіресе жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру қажет деп есептеймін. Себебі өз құқығы мен жауапкершілігін жақсы білетін адам кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай алады.
Мен үшін «Заң мен тәртіп» қағидасы — мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Заңға құрмет қалыптасқан жерде адамдардың бір-біріне деген сенімі де артады. Сондықтан заңды сақтау мен тәртіпті қамтамасыз етуге әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз керек. Тәртіп бар жерде — тұрақтылық, ал тұрақтылық бар жерде — жарқын болашақ бар.
А.САЛАМАТҚЫЗЫ



