Заң мен тәртіп – қоғамның қалыпты өмір сүруінің негізгі кепілі. Қай кезде де елдің тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі заңның сақталуына байланысты. Сондықтан құқықтық мәдениетті қалыптастыру, жастарға дұрыс тәрбие беру және қоғамда жауапкершілікті арттыру – баршаға ортақ міндет.
Бүгінде «Заң мен тәртіп» жобасы аясында қоғамдағы құқықбұзушылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жастар арасында тәртіп мәдениетін қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе жасөспірімдердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Себебі бүгінгі жас ұрпақтың тәрбиесі – ел болашағының айнасы.
Қазіргі уақытта жастар арасында интернет қауіпсіздігі, буллинг, әлімжеттік, зиянды әдеттердің алдын алу секілді мәселелер өзекті болып отыр. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарында түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде өткізіліп, оқушыларға заң талаптары мен қоғамдық ортадағы тәртіп ережелері кеңінен түсіндірілуде. Бұл – жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың өмірге деген жауапкершілігін қалыптастыруға да ықпал етеді.
Тәртіп пен заңға құрмет ең алдымен отбасынан басталады. Бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі ерекше. Отбасындағы өнеге мен дұрыс тәрбие баланың болашақтағы азамат болып қалыптасуына тікелей әсер етеді. Сондықтан әр ата-ана баласының тәрбиесіне көңіл бөліп, оның қауіпсіздігі мен болашағына жауапкершілікпен қарауы қажет.
Қоғам тыныштығы – бәрімізге ортақ құндылық. Заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпке құрметпен қарау және өзара сыйластықты нығайту арқылы ғана қауіпсіз әрі тұрақты қоғам қалыптастыра аламыз. Заңға бағыну – әлсіздіктің емес, саналы азаматтың белгісі.
Асхат Қадіржанов,
Исатай аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты

