Интернет алаяқтарының арбауына түсіп, оңай олжаға кенелемін деген үмітпен сан соғып жатқан азаматтардың қатары азаяған емес. Әсіресе әлеуметтік желілерде таралатын «қайтарымсыз ақша», «мемлекеттік грант» немесе «қаржылай көмек рәсімдеп беремін» деген жалған жарнамаларға сенген тұрғындар қомақты қаражатынан айырылып қалуда.
Осындай кезекті оқиға Тұщықұдық ауылында тіркелді. Ауыл тұрғыны «А.А.» есімді азамат 2025 жылдың желтоқсан айында «Telegram» әлеуметтік желісінде өзінің байланыс тізімінде бұрыннан сақтаулы болғанымен, өзіне жақын емес белгісіз тұлғаның парақшасынан «қайтарымсыз ақша алып беремін» деген жарнаманы көреді. Кейін сол адаммен «Telegram» арқылы тілдесіп, оның мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз қаржы рәсімдеп беремін деген жалған уәдесіне сенген.
Белгісіз тұлғаның нұсқауымен жәбірленуші 2 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеп, түрлі себептермен бірнеше мәрте ақша аударған. Алаяқтың айласына алданып, нәтижесінде жалпы 3 310 000 (үш миллион үш жүз он мың) теңгеден айырылған. Қаражат қолға тигеннен кейін күдікті байланысын үзіп, ізін суытқан.
Бұл оқиға – интернет кеңістігінде әрекет ететін алаяқтардың азаматтардың сенімін пайдаланып, оңай жолмен пайда табуды көздейтінін тағы бір мәрте дәлелдейді. Сондықтан қандай да бір мемлекеттік қолдау немесе қаржылай көмек туралы ақпаратты тек ресми ақпарат көздерінен алған дұрыс.
Тұщықұдықтық тұрғын қомақты қаржысынан қағылды
- Информация о материале
- Автор: NarynTany
- Категория: Көзқарас
- Read Time: 1 min
- Просмотров: 30


