Бүгінде технология адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Интернет арқылы білім аламыз, жұмыс істейміз, ақпарат алмасамыз, түрлі қызметтерді пайдаланамыз. Алайда цифрлық мүмкіндіктер артқан сайын жаңа қауіптер де пайда болуда. Сондықтан қазіргі қоғамдағы заң мен тәртіп мәселесін интернет кеңістігіндегі жауапкершіліктен бөлек қарастыру мүмкін емес.
Әлеуметтік желідегі бір жазба немесе хабарлама кейде адамның беделіне, көңіл күйіне, тіпті қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін. Кибербуллинг, жалған ақпарат тарату, біреудің жеке суретін немесе мәліметін рұқсатсыз жариялау – цифрлық мәдениеттің жеткіліксіздігін көрсететін мәселелер. Интернетте жасалған әрекет виртуалды болғанымен, оның салдары шынайы өмірге әсер етеді.
Сонымен қатар интернет-алаяқтық та өзекті мәселелердің бірі. Алаяқтар адамдардың сенімін пайдаланып, жалған сілтемелер, хабарламалар немесе қоңыраулар арқылы жеке мәліметтерді алуға тырысады. Мұндай жағдайда заң талаптарын білуімен қатар, әр азаматтың ақпараттық сауаттылығы маңызды.
Цифрлық ортадағы тәртіп тек тыйым салулардан тұрмауы керек. Ең маңыздысы – адамның өз әрекетінің салдарын түсінуі. Біреудің жеке өміріне қол сұқпау, күмәнді ақпаратты тексермей таратпау, бөгде адамның аккаунтын немесе деректерін заңсыз пайдаланбау – қазіргі заманғы құқықтық мәдениеттің белгілері.
Меніңше, технология дамыған сайын жауапкершілік те соған сәйкес өзгеруі қажет. Қазір азаматтың құқықтық сауаттылығы оның көшеде өзін қалай ұстайтынымен ғана емес, интернетте қандай әрекет жасайтынымен де өлшенеді.
Сондықтан цифрлық дәуірдегі заң мен тәртіп – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Ол әрбір интернет қолданушысының саналы таңдауы мен жауапкершілігінен басталады. Қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру үшін технологияны пайдалану мәдениеті мен құқықтық мәдениет қатар дамуы қажет.
А.БАҚТЫҒАЛИҚЫЗЫ



