Меніңше, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының мәнін тек тазалықпен шектеуге болмайды. Оның астарында туған жерге деген құрмет пен азаматтық жауапкершілік жатыр. Адам өзінің тұратын көшесін, ауласын, ауылын немесе қаласын өз үйіндей қабылдағанда ғана шынайы өзгеріс пайда болады. Өз үйіміздің ішін таза ұстайтынымыз сияқты, ортақ мекенімізді де таза әрі көрікті ұстауымыз қажет.
Қоршаған ортаның жағдайы қоғамның мәдени деңгейін де көрсетеді. Таза көшелер, күтімді аулалар, жасыл желекке толы саябақтар адамдарға жайлы орта қалыптастырып қана қоймай, жас ұрпаққа жақсы үлгі береді. Әсіресе жастардың бұл бастамаға белсенді қатысуы маңызды. Себебі бүгін қалыптасқан әдет ертеңгі қоғамның мәдениетін айқындайды. Егер бала кезден табиғатты қорғау, суды ысырап етпеу, ағашты сындырмау, қоқыс тастамау сияқты қарапайым қағидалар қалыптасса, бұл әдет адамның бүкіл өмірінде сақталуы мүмкін.
Сондықтан «Таза Қазақстан» — айналаны тазарту ғана емес, туған жерді бағалауды үйрететін тәрбиелік бастама. Елдің тазалығы әр адамның кішкентай ісінен басталады.
Ж.СЕМБИЕВА



