«Таза Қазақстан» тұжырымдамасын мен туған жерге деген сүйіспеншіліктің нақты әрекет арқылы көрінуі деп түсінемін. Отанды сүю тек әдемі сөздермен немесе мерекелік іс-шаралармен шектелмеуі керек. Өз аулаңды таза ұстау, ағаш отырғызу, табиғи аймақтарды қорғау, қоғамдық орындарға ұқыпты қарау — туған елге деген құрметтің қарапайым, бірақ маңызды үлгілері.
Әр адам «Бұл жұмысты біреу істейді» деген көзқарастан арылып, «Мен өзім не істей аламын?» деген сұрақ қоюы қажет. Себебі елдің тазалығы мен көркеюі тек мемлекеттік мекемелерге немесе коммуналдық қызметтерге байланысты емес. Бұл — қоғам мен азаматтардың ортақ ісі. Бір адамның жасаған жақсы әрекеті екінші адамға үлгі болып, осылайша қоғамдық мәдениет қалыптасады. Меніңше, «Таза Қазақстанның» басты мәні де осында: тазалықты сыртқы тәртіп ретінде ғана емес, азаматтық жауапкершіліктің бір бөлігі ретінде қабылдау.
А.ЖАНТЕМІРҚЫЗЫ



