Заң мен тәртіп – кез келген мемлекеттің тұрақтылығы мен дамуының негізгі тірегі. Қоғамда тәртіп үстемдік құрған жерде адамдардың құқықтары қорғалып, қауіпсіз орта қалыптасады. Сондықтан құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен заң талаптарын сақтау – әр азаматтың басты міндеті.
Бүгінде Мемлекет басшысы бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» жобасы қоғамдағы құқықтық сауаттылықты арттыруға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған маңызды бастамаға айналды. Әсіресе жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту – уақыт талабынан туындаған өзекті мәселе. Себебі тәртіп пен тәрбиені бойына сіңіріп өскен ұрпақ елдің ертеңін қалыптастырады.
Ювеналды полиция қызметінің негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық сауаттылығын арттыру. Осы бағытта аудан мектептерінде профилактикалық кездесулер, түсіндіру шаралары, рейдтік жұмыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Оқушыларға заң талаптарын түсіндіру, интернет қауіпсіздігі, буллингтің, әлімжеттіктің және түнгі мезгілде заңсыз жүрудің салдары жөнінде кеңінен ақпарат беріледі.
Қазіргі таңда бала тәрбиесіне тек мектеп пен полиция ғана емес, ата-ананың да жауапкершілікпен қарауы аса маңызды. Өйткені жасөспірімнің ортаға бейімделуі мен дұрыс бағытта қалыптасуына отбасы тәрбиесі тікелей әсер етеді. Баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оның ортасын бақылау, психологиялық қолдау көрсету – құқықбұзушылықтың алдын алудағы маңызды қадамдардың бірі.
Қоғам қауіпсіздігі – баршамызға ортақ міндет. Әр азамат заң талаптарын сақтап, қоғамдық тәртіпке бейжай қарамаған жағдайда ғана қауіпсіз әрі тұрақты қоғам қалыптастыра аламыз. Заңға құрметпен қарап, тәртіпті ту еткен елдің болашағы әрқашан жарқын болмақ.
Мағазова Мөлдір Есмұратқызы,
Исатай ауданы полиция бөлімі Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі Ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры



