Қоғамдағы заң мен тәртіптің деңгейі жас ұрпақтың тәрбиесімен тікелей байланысты. Бала кезінен адамға өзгенің құқығын сыйлау, жауапкершілік алу, әділ болу және өз әрекетінің салдарын түсіну үйретілсе, болашақта заң бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік артады. Сондықтан құқықтық тәрбие мектепте немесе колледжде ғана емес, отбасында да қалыптасуы қажет.
Жастардың заңды білуі ерекше маңызды. Кейде жас адам белгілі бір әрекеттің құқықтық салдарын толық түсінбегендіктен қателік жасауы мүмкін. Интернеттегі алаяқтыққа алданып қалу, бөтен адамның жеке мәліметтерін рұқсатсыз тарату, кибербуллингке қатысу немесе қоғамдық тәртіпті бұзу сияқты әрекеттердің салдары бар екенін түсіндіру — қазіргі заман талабы.
Менің ойымша, жастарға заңды тек «мынаны жасауға болмайды» деген тыйымдар жиынтығы ретінде түсіндіру жеткіліксіз. Оларға заңның не үшін қажет екенін көрсету керек. Заң — адамның қауіпсіздігін, ар-намысын, мүлкін және құқықтарын қорғауға арналған құрал. Өз құқығын білетін және өзгенің құқығын құрметтейтін жас — қоғамның жауапты мүшесі болуға қадам жасайды.
Сондықтан заң мен тәртіпті нығайтудың бір жолы — жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Құқықтық сауаты жоғары ұрпақ өз мәселесін күшпен емес, заңды жолмен шешуге ұмтылады. Бұл өз кезегінде қоғамдағы жанжалдар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.
Ә.БАУЫРЖАНҰЛЫ



