Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы – мемлекет дамуының келесі кезеңін айқындайтын маңызды стратегиялық құжат. Бұл Ата Заң елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық жаңғыруына серпін беріп, құқықтық мемлекет қағидаттарын одан әрі нығайтуға бағытталған. Жаңа Конституция нормалары қоғам сұранысына жауап беріп, заманауи талаптарға сай жүйелі өзгерістерді қамтиды.
Ең алдымен, жаңа құжатта мемлекеттің зайырлы сипаты айқындалып, дін мен мемлекет арасындағы шекара нақты бекітіледі. Бұл қағидат азаматтардың ар-ождан бостандығын сақтауға, конфессияаралық келісімді нығайтуға және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Зайырлылық – ел бірлігінің, бейбіт өмір мен татулықтың негізі.
Сонымен қатар, білім беру мен тәрбиенің зайырлы бағытының орнықтырылуы өскелең ұрпақтың ғылыми ойлау жүйесін қалыптастырып, заманауи білім мен инновацияға ұмтылысын арттырады. Бұл – бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырудың басты шарты. Білімді, саналы және жауапты азаматтар ғана елдің тұрақты дамуына үлес қоса алады.
Жаңа Конституцияда неке институтының ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалуы дәстүрлі құндылықтарды құқықтық тұрғыдан қорғаудың маңызды қадамы болып табылады. Бұл шешім отбасы институтын нығайтып, қоғамның рухани тұтастығын сақтауға бағытталған.
Сондай-ақ, жаңа Ата Заң халықтың билік көзі ретіндегі мәртебесін нақтылай түседі. Азаматтардың мемлекет басқару ісіне қатысу мүмкіндіктері кеңейіп, әділдік пен ашықтық қағидаттары күшейтіледі. Бұл – қоғам мен билік арасындағы сенімді арттыратын басты факторлардың бірі.
Жалпы алғанда, Жаңа Конституция елдің болашақ дамуына берік құқықтық негіз қалайды. Ол Қазақстанның тұрақты, әділетті әрі өркендеген мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашады. Ата Заңда бекітілген қағидаттар ұзақ мерзімді даму стратегиясының тірегіне айналып, ел тәуелсіздігін нығайтуға және қоғамдық келісімді сақтауға қызмет ететін болады.
Ақмарал МАДИЕВА,
Исатай аудандық мәслихат депутаты, жеке кәсіпкер

