Ерлан Қариннің Қазақстан Республикасының Вице-президенті қызметіне кандидатурасының Құрылтай тарапынан қолдау табуы – еліміздің саяси жүйесіндегі маңызды жаңалықтардың бірі деп ойлаймын. Бұл шешім тек белгілі бір мемлекеттік қызметкердің жаңа лауазымға тағайындалуы ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік басқару жүйесіндегі жауапкершілік пен сабақтастықты күшейтуге бағытталған маңызды қадам.
Ерлан Қарин осыған дейін Мемлекет басшысының Әкімшілігінде бірқатар жоғары жауапты қызметтер атқарып, елдегі саяси және қоғамдық процестерді басқару, мемлекеттік институттардың өзара байланысын қамтамасыз ету бағытында үлкен тәжірибе жинақтады. Оның Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметіндегі жұмысы да жоғары деңгейдегі мемлекеттік басқару тәжірибесін қалыптастырғаны анық.
Вице-президент лауазымы – үлкен жауапкершілікті талап ететін қызмет. Бұл қызметке қойылатын басты талап – ел мүддесін бірінші орынға қою, мемлекеттік саясаттың сабақтастығын қамтамасыз ету және қоғам мен билік арасындағы өзара байланысты нығайту. Сондықтан жаңа лауазымға ұсынылған тұлғаның тәжірибесі, кәсіби білімі және мемлекеттік басқару жүйесін жақсы білуі маңызды.
Құрылтайдың Ерлан Қариннің кандидатурасын қолдауы – оған көрсетілген сенімнің белгісі. Ендігі кезекте бұл сенім нақты іспен, нәтижелі жұмысымен дәлелденуі қажет. Халық үшін кез келген саяси шешімнің басты өлшемі – оның күнделікті өмірге әкелетін нақты пайдасы. Мемлекеттік басқарудың тиімділігі артса, азаматтардың мәселелері дер кезінде шешілсе, реформалар жүйелі түрде жүзеге асса, жаңа институттың да маңызы арта түседі.
Бүгінгі таңда Қазақстан үшін саяси тұрақтылықпен қатар, мемлекеттік институттардың тиімді жұмыс істеуі, жауапкершіліктің нақты бөлінуі және қабылданған шешімдердің сапасы аса маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Вице-президент институтының енгізілуі мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған қадам ретінде қарастырылуы мүмкін.
Ерлан Қаринге жаңа қызметінде үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Оның алдында елдің ішкі саяси тұрақтылығын нығайту, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге атсалысу және Мемлекет басшысы жүргізіп отырған реформалардың сапалы жүзеге асуына үлес қосу сияқты маңызды міндеттер тұр.
Жаңа қызмет – жаңа мүмкіндікпен қатар, үлкен сын. Сондықтан халықтың сенімін ақтап, елдің дамуына нақты үлес қосатын нәтижелі жұмыс күтеміз. Ерлан Қаринге жаңа лауазымында табыс, жауапты қызметіне сәттілік және ел игілігі жолындағы еңбегіне береке тілейміз. Ең бастысы – қабылданған шешімдер нақты нәтижеге ұласып, Қазақстанның тұрақты әрі орнықты дамуына қызмет етсін!
Ерболат НАСИМУЛЛИН,
Исатай аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы


