Соңғы уақытта әлеуметтік желілер арқылы «инвестиция салып, қысқа мерзімде мол табысқа кенелесіз» деген мазмұндағы жарнамалар көбейіп келеді. Алаяқтар танымал компаниялардың атауы мен логотипін пайдаланып, азаматтардың сеніміне кіріп, қаржысын заңсыз иемденуді әдетке айналдырған. Өкінішке қарай мұндай қылмыстың құрбандарының қатары біздің ауданда да кездесуде.
Мәселен Аққыстау ауылының тұрғыны «Қ.Е.» есімді азамат 2025 жылдың маусым айында Instagram әлеуметтік желісінен «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына доллар валютасымен инвестиция салу арқылы мол табыс табуға болады деген жалған жарнаманы көрген. Кейін WhatsApp мессенджері арқылы өзін инвестициялық кеңесші ретінде таныстырған белгісіз тұлғалармен алты ай бойы байланыста болып, олардың жалған уәделеріне сенген. Соның салдарынан бұл азамат 19 345 863 теңге көлеміндегі қаражатынан айырылған.
Осыған ұқсас тағы бір оқиға Аққыстау ауылында тіркелді. «І.А.» есімді тұрғын өткен жылдың қараша айында YouTube әлеуметтік желісінен дәл осындай жалған инвестициялық бейнежазбаны көріп, кейін WhatsApp арқылы белгісіз алаяқтармен байланысқа шыққан. Нәтижесінде алаяқтардың арбауына түсіп, 350 200 теңге ақшасын жоғалтқан. Сондықтан құзырлы органдар азаматтарды әлеуметтік желілерде таралатын инвестициялық ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырады. Белгісіз адамдардың қаржы салуға қатысты ұсыныстарына сенбей, қандай да бір ақша аудармас бұрын ақпараттың шынайылығын ресми дереккөздер арқылы міндетті түрде тексерген жөн.
Жалған инвестицияға сеніп, миллиондарынан айырылды
- Информация о материале
- Автор: NarynTany
- Категория: Көзқарас
- Read Time: 1 min
- Просмотров: 21


