Жанбайлық тұрғын құпия кодты айтып, 8 миллион теңге несиеге батты

Соңғы уақытта өзін коммуналдық қызмет маманы, банк қызметкері немесе құқық қорғау органы өкілі ретінде таныстыратын интернет-алаяқтардың әрекеті жиілеп барады. Ауылымызда да осындай қитұрқы тәсілге алданып, қаржылық шығынға ұшыраған тұрғындар аз емес.
Соның бірі – Жанбай ауылының тұрғыны «М.Б.» есімді азамат. Ол осы жылдың маусым айында WhatsApp желісі арқылы бұрын-соңды таныс болмаған нөмірден қоңырау қабылдаған. Қоңырау шалған белгісіз адам өзін электр энергиясын есептейтін құралдарды тексеруге жауапты маман ретінде таныстырып, есептегіш құрылғыны тексеру үшін тұрғынның телефонына арнайы құпия код келетінін және сол кодты айту қажет екенін жеткізген.
Алаяқтың сөзіне сенген азамат ұялы телефонына келген растау кодтарын айтып қойған. Мұнымен шектелмеген қаскөй тексерісті толық аяқтау үшін бейнесканерлеуден өту қажет екенін айтып, бейнеқоңырау арқылы байланыс орнатқан. Нәтижесінде алаяқ азаматтың жеке деректері мен қауіпсіздік мәліметтеріне қол жеткізіп, оның атына «Қазақстан Халық Банкі» арқылы 8 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеген. Оның 4 миллион теңгесін қолма-қол ақшаға айналдырып үлгерген.
Осыған ұқсас жағдай Аққыстау ауылында да тағы да тіркелді. «М.Ф.» есімді тұрғынға WhatsApp арқылы белгісіз нөмірден қоңырау түсіп, өзін «Энергоснаб» мекемесінің қызметкері ретінде таныстырған адам электр есептегіш құралын тексеру үшін телефонға келген құпия кодты сұраған. Алайда тұрғын кодты айтуға дайындалған сәтте қоңырау үзіліп қалған.
Шамамен 45 минут өткен соң оған қайтадан WhatsApp арқылы қазақстандық нөмірден қоңырау келіп түскен. Бұл жолы қоңырау шалушы өзін Ұлттық банктің қауіпсіздік қызметінің маманы әрі киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкері «Роман» ретінде таныстырады. Ол бұған дейін хабарласқан адамның алаяқ екенін айтып, азаматтың атына бірнеше банктен несие рәсімдеуге әрекет жасалып жатқанын жеткізген. Алаяқ тұрғынның үрейін күшейтіп, қаржысын сақтап қалудың жалғыз жолы – есепшоттағы қаражатты Ұлттық банктің арнайы «қауіпсіз» шотына аудару екенін түсіндіреді. Өзінің қауіпсіздігін ойлаған азамат белгісіз адамның нұсқауына толықтай сеніп, телефонына келген құпия кодтарды айтып береді. Осының салдарынан қаскөйлер «М.Ф.» есімді азаматтың «Халық банкіндегі» есепшотында сақтаулы тұрған 1 миллион 750 мың теңге қаражатын бес бөлікке бөліп, өзге терминалдар арқылы толық шешіп алған.
Бұл оқиғалар алаяқтардың күн сайын жаңа тәсілдер ойлап тауып жатқанын көрсетеді. Ең бастысы – телефонға келген SMS-кодтарды, банктік растау нөмірлерін және жеке мәліметтерді ешкімге айтпау. Ешбір мемлекеттік мекеме, банк немесе коммуналдық қызмет қызметкері азаматтардан телефон арқылы құпия код сұрамайтынын есте ұстаған абзалырақ. 
Қорыта айтқанда интернет-алаяқтықтың құрбаны болмаудың ең тиімді жолы – қырағылық пен сақтық таныту. Заң талаптарын сақтап, қаржылық қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарау – өзіңізді де, жақындарыңызды да алаяқтардың арбауынан қорғаудың сенімді жолы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT