2026 жылғы 9 сәуір күні Тұщықұдық ауылында орналасқан Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектебінің базасында 10–11 сынып оқушылары арасында «Жасөспірімдер және жауапкершілік» тақырыбында профилактикалық жиын өткізілді. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін түсіндіру және қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру болды.
Жиын барысында оқушыларға бірқатар маңызды тақырыптар кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрмыстық және қоғамдық ортада орын алуы мүмкін қауіп-қатерлердің алдын алу жолдары қарастырылды. Сонымен қатар, зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінің зияны мен оның құқықтық салдары, буллинг және кибербуллингтің алдын алу тәсілдері жан-жақты талқыланды. Оқушыларға бір-біріне құрметпен қарау, жанжалдарды бейбіт жолмен шешу және интернет кеңістігінде жауапкершілікпен әрекет ету қажеттігі ерекше атап өтілді.
Бұдан бөлек, жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп, жаяу жүргіншілер мен жүргізушілер үшін белгіленген ережелерді сақтау маңыздылығы түсіндірілді. Құқықтық жауапкершілік тақырыбы аясында жасөспірімдерге құқық бұзушылықтың салдары, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы нақты мәліметтер берілді.
Жиын барысында оқушыларға білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігі ескертіліп, әсіресе кесетін және үшкір заттарды мектепке алып келуге қатаң тыйым салынатыны түсіндірілді. Бұл талаптардың сақталуы – әрбір оқушының жеке қауіпсіздігі мен ұжымдағы тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі екені айтылды.
Іс-шара интерактивті форматта өтіп, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі түсінікті жауаптар берілді. Қатысушылар өз пікірлерін білдіріп, түрлі жағдайлар бойынша ой бөлісті. Нәтижесінде, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, жауапкершілік сезімін қалыптастыруға және қауіпсіз орта құруға бағытталған маңызды жұмыстар жүргізілді.
#ЗАҢменТӘРТІП

