«Таза Қазақстан» тұжырымдамасының жүзеге асуында жастардың орны ерекше деп ойлаймын. Себебі бүгінгі жастар – ертеңгі елдің басқарушысы, маманы, ата-анасы және қоғам белсендісі. Сондықтан экологиялық мәдениетті жас ұрпақтың санасына сіңіру – Қазақстанның болашағына салынған маңызды инвестиция.
Тазалық мәселесін кейде тек сенбілік өткізу немесе көшені қоқыстан тазарту деп қабылдаймыз. Алайда «Таза Қазақстан» ұғымының мазмұны бұдан әлдеқайда терең. Ресми тұжырымдамада экологиялық мәдениетті дамыту, жауапты мінез-құлық қалыптастыру, білім беру және ақпараттандыру бағыттарына басымдық берілген. Демек, жастардың бұл іске қатысуы тек қолына күрек алып, аула тазалаумен шектелмеуі керек. Олар экологиялық бастамаларды ұйымдастырып, әлеуметтік желілер арқылы пайдалы ақпарат таратып, қоршаған ортаны қорғауға арналған жаңа жобалар ұсына алады.
Менің ойымша, қазіргі жастардың үлкен артықшылығы – ақпаратты тез қабылдап, оны қоғамға жылдам тарата алуы. Мысалы, әлеуметтік желіде қоқысты сұрыптау, су мен электр энергиясын үнемдеу, ағаш отырғызу, қоғамдық орындарды таза ұстау туралы пайдалы контент жасауға болады. Осындай ақпарат қарапайым адамның күнделікті әдетіне әсер етуі мүмкін. Яғни жастар экологиялық мәдениеттің тек қатысушысы емес, оның насихатшысы да бола алады.
Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» жастар бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыруға ықпал етеді. Отанды сүю – тек мемлекеттік рәміздерді құрметтеу немесе тарихи тұлғаларды білу емес. Отанға деген сүйіспеншілік туған жердің табиғатына, көшесіне, ауласына және қоғамдық кеңістігіне қамқорлық жасаудан да көрінеді. Өз ауылының немесе қаласының тазалығына үлес қосқан жас өзінің ел алдындағы жауапкершілігін іс жүзінде көрсетеді.
Жастарды экологиялық жұмыстарға тарту олардың бойында ұжыммен жұмыс істеу, жауапкершілік, бастамашылдық және қоғамдық белсенділік сияқты қасиеттерді де дамытады. Бірге ағаш отырғызу, аумақты тазалау немесе экологиялық жоба ұйымдастыру арқылы жастар ортақ мақсатқа бірігеді. Мұндай жұмыстар қоғамдағы өзара құрмет пен ынтымақтастықты күшейтеді.
Менің пікірімше, «Таза Қазақстан» жастар үшін жай ғана экологиялық акция емес, азаматтық позицияны қалыптастыратын мектеп болуы тиіс. Егер қазіргі жас ұрпақ табиғатты қорғауды өз міндеті деп қабылдаса, болашақта экологиялық мәселелерге жауапкершілікпен қарайтын қоғам қалыптасады. Сондықтан жастардың белсенділігі артқан сайын «Таза Қазақстанның» идеясы да тұрақты өмір салтына айналады.
Ж.БИСЕНБІҚЫЗЫ



