Қаработан оқу-жаттығу полигонында 41433 және 41321 әскери бөлімдерінің Ақмола, Ақтау, Атырау, Орал және Ақтөбе қалаларынан шақырылған 130-дан астам жас сарбазы алғашқы практикалық атыс жаттығуларынан өтті. Жауынгерлік жағдайға барынша жақын ұйымдастырылған оқу барысында сарбаздар қарумен жұмыс істеу, нысананы дәл көздеу және қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша машықтарын шыңдады.
Әскери дайындыққа алғаш қатысқан жас сарбаз Нұрбек Ерғали алғашқы атыс ерекше әсер қалдырғанын айтады. Оның сөзінше, бұл жаттығу жауапкершілікті арттырып, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеуге деген сенімін күшейткен.
Ал 41433 әскери бөлім командирінің жауынгерлік және арнайы даярлық жөніндегі орынбасары, майор Жасұлан Бисенбекұлының айтуынша, жас сарбаздар практикалық атыс даярлығынан сәтті өтіп, жақсы нәтижелер көрсеткен. Оның сөзінше, мұндай жаттығулар әскери қызметкерлердің кәсіби шеберлігін арттырып, жауынгерлік дайындық деңгейін нығайтуға мүмкіндік береді.
Ақтілек Базарбаева

