Атырауда Отан қорғаушылар күні кең көлемде аталып өтті

 

Сұлтан Бейбарыс алаңында 7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған ауқымды мәдени іс-шара жоғары деңгейде өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлады. Ел қорғандарының ерлігі мен әскери қызметтің маңызын дәріптеген мерекелік шара патриоттық рухты күшейтіп, мазмұнға бай бағдарламасымен ерекшеленді.

Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен және «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің ұйымдастыруымен өткен іс-шара салтанатты сапқа тұру рәсімімен басталды. Әскери қару-жарақпен дефиле, заманауи техникалар көрмесі, далалық асхана және үрмелі аспаптар оркестрінің марштық орындауы көрермен назарына ұсынылып, әскери қызметтің қоғамдағы орны мен маңызын жан-жақты танытты.

Мерекелік жиында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев сөз сөйлеп, аймақ басшысы Серік Жамбылұлы Шәпкеновтің құттықтауын жеткізді.

-Бүгін – ержүрек азаматтарға көрсетілген ерекше құрмет пен зор ілтипаттың күні. Отан қорғау – әскери міндет қана емес, ол әрбір азаматтың жүрегіндегі туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік пен адалдықтың айқын көрінісі. Батыр бабаларымыз «жауынгердің жаны – ерлік, ары – елдік» деп, намыс пен отансүйгіштікті бәрінен биік қойған. Еліміздің тыныштығы мен бейбіт өмірі жолында аянбай еңбек етіп жүрген барша азаматтарға зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, көк туымыз мәңгі желбірей берсін, – деді ол.

Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, жергілікті өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар патриоттық әндер орындап, хореографиялық қойылымдар мен сахналық көріністер ұсынды.

Аталған іс-шара қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, ел қорғаған азаматтарға деген құрметті арттыруға, ұлттық бірлік пен патриотизм құндылықтарын дәріптеуге бағытталды.

 

Ботагөз ИСАТАЙ,

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT