Атырау облысы Махамбет ауданының прокуратурасы «Invest Caravan» акциясы аясында жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен инвесторлардың нысандарына көшпелі іс-шара ұйымдастырды.
Акцияның негізгі мақсаты – инвестициялық ахуалды жақсарту, бизнес субъектілерінің проблемалық мәселелерін жедел шешу және инвестициялық жобаларды тікелей іске асырылатын жерде сүйемелдеу.
Аудан аумағында жалпы инвестиция көлемі 52 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның ішінде 7 жоба жүзеге асыру сатысында болса, жалпы құны 11 млрд теңгені құрайтын 2 жоба іске қосылды.
Көшпелі іс-шара барысында инвесторлармен кездесулер өткізіліп, туындаған проблемалық мәселелер зерделенді және рұқсат беру құжаттарын алу мәселелері бойынша қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесулер қорытындысы бойынша тоған шаруашылығы жобасын іске асыру үшін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жер учаскесін рәсімдеу мәселелері бақылауға алынды. Аталған мәселелерді жедел шешу үшін жергілікті атқарушы органға тиісті тапсырмалар берілді.


