«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері өңірлерге сапарын жалғастыруда.
Бүгін Ақтөбе облысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Жалпыұлттық коалицияның өзге де мүшелері өңір жұртшылығымен кездесті.
Іс-шара Ақтөбе қаласындағы «Өнер орталығында» ұйымдастырылды. Кездесуге шамамен 1000-ға жуық адам қатысты. Олардың қатарында өңірдегі танымал қоғам қайраткерлері, еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестердің, этномәдени бірлестіктердің, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, бизнес салаларының өкілдері, жастар қауымы және өзге де азаматтар бар.
Онда Жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері және аталған құжаттың мемлекеттің алдағы даму бағытына ықпалы талқыланды.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Жаңа Конституция жобасын әзірлеу барысы туралы жан-жақты баяндап, оның ел болашағы үшін маңызына тоқталды.
«Жаңа Конституция жобасында адам капиталын, білім беру ісін, ғылым мен инновацияларды дамыту мәселесі негізгі стратегиялық басымдықтар ретінде айқындалды. Осылайша, Жаңа Конституция мемлекет дамуына тың серпін береді. Жаңа Конституцияның мәні мен маңызы – оның еліміздегі барша азаматтың, барлық әлеуметтік және кәсіби топ өкілдерінің мүддесі мен сұранысын қамтуында», – деді Ерлан Қарин.

