1 айға созылған жоба өз мәресіне жетті

Өнерді қашанда жоғары бағалайтын ауыл көрерменінің көзайымына айналған аудандық «Жалын» мәдениет үйі ұйымдастырған «Кел, шырқайық!» жобасының IV маусымы өз мәресіне жетті. 

Бір айға созылған жоба төрт кезеңнен тұрды. Бұл маусымның басты ерекшелігі – әртүрлі салада еңбек етіп жүрген жандардың дуэт құрып, сахна төрінде өнер көрсетуі болды. Қатысушылар күнделікті қызметпен қатар, шығармашылық қырларын танытып, көрермен алдында бақ сынады. Ән мен еңбекті, талант пен табандылықты тоғыстырған жоба нәтижесінде сахнада әуезді әндер шырқалып, өнерсүйер қауымға ерекше кеш тарту етілді. 

Тартысқа толы байқаудың шешуші кезеңін аудан әкімі Нұрым Мусин арнайы келіп тамашалап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Соңғы кезең – заманауи әндерді орындау сайысы көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, қатысушылардың шығармашылық ізденісі мен сахналық мәдениетін айқын көрсетті.

Байқауда аудандық білім бөлімінің №4 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жылу қазандық операторлары Жансая Нұрланова мен Дамир Шарим, аудандық аурухана мейіргерлері Назгүл Бақтығалиқызы мен Арсен Ғадылбекұлы, мебель дизайнері Ақбөбек Ғабдоллақызы мен Өркен орта мектебінің қарапайым сантехнигі Әділ Әруов, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің қызметкері Орынгүл Хисимова мен «Батыс Тех Инвест» ЖШС-нің кондукторы Асқар Серікұлы, өнер мектебінің намысын қорғап Тұрар Меңдігерейұлы мен Гүлден Еркінқызы және мектеп гимназияның ұстаздары Дина Қапсихқызы мен Сәттібек Рысбекұлы жұптасып, бір ай бойы төрт түрлі кезең бойынша өнер көрсетті.  Төрт кезең – төрт түрлі тақырып. Әр кезеңде сала мамандары өздерінің үйреншікті ортасынан шығып, күтпеген жанрларда өздерін сынап, жаңа қырынан танылды. Бірде сахнада салмақты рөлді сомдаса, бірде мүлдем өзгеше, тың образға еніп, көрерменді таңғалдырды. Кәсіби әртістерден кем түспейтін шеберлік, сахнадағы еркіндік пен шығармашылық ізденіс көрерменнің көңілінен шығып, ерекше әсер сыйлады.

Байқау нәтижесінде Тұрар Меңдігерейұлы мен Гүлден Еркін жұбы топ жарып, жүлделі І орынды иеленіп, 150 мың теңгенің қаржылай сыйлығына қол жеткізді. ІІ орынды небәрі бір ұпай айырмашылығымен Жансая Нұрланова мен Дамир Шарим еншілеп, 100 мың теңге иегері атанды. Ал Назгүл Бақтығалиқызы мен Арсен Ғадылбекұлы үздік үштікті қорытындылап, 70 мың теңгені қанжығасына байлады. Қалған қатысушыларға Алғыс хаттар мен 50 мың теңгелік ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

«Кел, шырқайық!» жобасы – өнердің ұлт пен ұрпақты ұйыстыратын ұлы күш екенін тағы бір айқын көрсетті. Бір ай бойы сахнадан төгілген әсем ән мен шынайы толқыныс көрермен жүрегінен орын алып, қатысушылар үшін де үлкен шығармашылық тәжірибе мектебіне айналды. Бұл жоба – талант пен еңбектің, батылдық пен бірліктің жарасымды үйлесім тапқан жарқын көрінісі танылды деуге әбден болады.

 

Еркебұлан ЗИНЕДЕН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT