Зинеден ауылдық округіндегі Ю.Гагарин атындағы орта мектепте орналасқан №136 референдум учаскесінде ең жас сайлаушы алғаш рет дауыс берді. 18 жасқа енді толған сарбаз Диас Жұмағалиев республикалық референдумға қатысып, азаматтық таңдауын жасады.
Атырау қаласындағы Береке ықшам ауданының тумасы Диас Жұмағалиев бүгінде әскери борышын өтеп жүр. Ел шебін күзетіп жүрген жас сарбаз үшін бұл күн ерекше болды. Себебі ол өмірінде алғаш рет ел тағдырына қатысты маңызды саяси науқанға қатысып, өз дауысын берді.
Жас сарбаздың айтуынша, Отан алдындағы борышты өтеу – үлкен жауапкершілік. Ал мемлекет болашағына қатысты маңызды шешімдерге үн қосу – әрбір азаматтың міндеті.
– Бүгін мен үшін ерекше күн. Өйткені алғаш рет дауыс беріп, өз таңдауымды жасадым. Біз, жастар, елдің ертеңіне бейжай қарамауымыз керек. Әрбір азамат өз дауысымен мемлекет болашағына үлес қоса алады деп ойлаймын. Сондықтан референдумға қатысуды азаматтық парызым деп қабылдадым, – деді сарбаз Диас Жұмағалиев.
№136 референдум учаскесінде жас сайлаушының алғаш рет дауыс беруі ерекше мәнге ие болды. Бұл – елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласатын, мемлекет болашағына жауапкершілікпен қарайтын жас буынның қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

