Тұщықұдық ауылдық округіндегі №131 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтуде. Аталған учаскеде барлығы 1449 дауыс беруші тіркелген
Сайлау учаскесіне 90 жастағы ауыл шаруашылығы саласының ардагері, Исатай ауданының Құрметті азаматы Сыдихов Шәріп ата отбасымен бірге келіп, өз таңдауын жасады.

Шәріп Сыдихов ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, ауданның аграрлық бағытының дамуына елеулі үлес қосқан. Еңбек жолын елдің өркендеуіне арнаған ақсақал бүгінгі таңда да ауыл шаруашылығына қатысты мәселелерге бейжай қарамайды.
– Қазір зейнеткермін. Дегенмен ауыл шаруашылығында шешімін күткен мәселелер әлі де бар деп ойлаймын. Ата кәсіпке қайта оралып, ауыл шаруашылығын дамытуымыз керек. Өйткені адам табиғи әрі сапалы өніммен қоректенсе ғана дені сау болады. Ал оның негізі – ауыл шаруашылығының өркендеуінде. Еңбектің қадірін арттырып, ауылдағы ағайынның жағдайын жақсартуға басымдық берілсе екен.Осы үшін мен бүгін отбасыммен бірге келіп өз таңдауымызды жасадық, – дейді ақсақал.
90 жасқа келсе де елдің ертеңіне алаңдап отырған Шәріп Сыдихов сайлауға отбасымен бірге қатысып, өз таңдауын жасады. Ақсақалдың айтуынша, ол ауыл шаруашылығы мен қарапайым еңбек адамының мәселесіне мән беріп, елдің дамуына ықпал ете алатын азаматтарға таңдау жасаған.
«Елдің болашағы – әр азаматтың таңдауынан басталады» деген ұстанымдағы ақсақал өзінен кейінгі ұрпақтың да еңбекке құрметпен қарап, ауылдың дамуына үлес қосқанын қалайды.


