Аудандық орталық кітапхана мен аудандық балалар кітапханасының бірлескен ұйымдастыруымен 10 тамыз- Абай күніне орай «Абай әлемі – кітап беттерінде» атты әдеби-танымдық алаң өтті. Руханият пен әдебиетті ұлықтаған тағылымды шара Аққыстау ауылының «Қазақ елі» саябағында, ашық аспан астында ұйымдастырылып, оқырмандарға ерекше әсер сыйлады.

Шара барысында ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі таныстырылып, қатысушыларға викториналық сұрақтар қойылып, көрме қонақтары Абайдың сырлы да сазды жырларынан поэзияьқылып оқыды. Әдеби-танымдық алаңның басты мақсаты – ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, оқырмандардың көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру, ақын мұрасын терең таныту арқылы рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу.

Сонымен қатар жас оқырмандардың әдеби-танымдық ой-өрісін кеңейтіп, Абай шығармалары арқылы ұлттық рух пен адамгершілік қасиеттерді бойларына сіңіру көзделді.

Шараның арнайы қонағы болған аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Насимуллин ұлы ақынның туған күнін атап өтудің барша қазақстандықтар үшін айрықша мәні бар үлкен мереке екенін атап өтті.

– Абайдың қазақ қоғамының бүгінгі өмірі үшін де маңызы зор. Ұлы ойшыл өз шығармаларында адал еңбек етуді, білім мен ғылымға ұмтылуды, адамгершілікті, елге деген сүйіспеншілік пен ұлтқа қызмет етуді дәріптеді. Оның айтқан тағылымды ойлары мен өсиеттері арада қанша уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ халқы Абай мұрасын тереңірек танып, оның шығармашылық әлемін жан-жақты зерттеуге ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінде Абай мұрасын насихаттау жұмыстары кең көлемде жалғасып келеді. Ақын шығармалары шетел тілдеріне аударылып, әлемнің көптеген елдерінде жарық көрді. Жер-жерде Абайға арналған ескерткіштер бой көтеріп, оның есімімен көшелер мен мәдени орындарға атау берілуі – ұлы ақын мұрасының әлемдік деңгейдегі құндылығын айғақтайды. Абай – қазақ халқының ғана емес, адамзат өркениетінің рухани қазынасына айналған ұлы тұлға. Сондықтан Абай есімі – біздің мақтанышымыз – дейді ардагер.

Өлең оқып, викториналық сұрақтарға белсенді қатысып, өз білімдерін ортаға салған қатысушыларға ұйымдастырушылар тарапынан тәтті сыйлықтар ұсынылды.

Абай мұрасы – бір күндік шараның ғана емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын мәңгілік рухани қазына, сондықтан ұлы ақынның тағылымды ойлары мен шығармаларын насихаттау жұмыстары жыл бойы үздіксіз жалғасын табуы тиіс.

Абайдың асыл мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіру – ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, білімге, еңбекке, адамгершілікке ұмтылған кемел ұрпақ тәрбиелеудің маңызды жолы.


Еркебұлан УАЛИТХАН


