Аққыстау ауылындағы «Қазақ елі» саябағында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына орай «Ғасырлардан жеткен әуен» атты акустикалық кеш өтті.

Кештің басты мақсаты – Абай шығармашылығын жастар мен ауыл тұрғындарына кеңінен насихаттап, ақынның әндері мен қара сөздері арқылы ұлттық руханиятқа деген қызығушылықты арттыру. Кешкі саябақтың әсем табиғаты мен жанды дауыста орындалған әндер ерекше шығармашылық орта қалыптастырды.

Акустикалық кештің шымылдығы ұлы ақынның «Көзімнің қарасы» әнімен ашылды. Әнді Асылжан Шаяхмет пен Әділбек Жұмашев орындаса, синтезаторда Кежемұрат Мәжитов сүйемелдеді. Кеш барысында Абайдың музыкалық мұрасымен қатар, ақынның терең ойға құрылған шығармалары да кеңінен қамтылды.

Әділбек Жұмашев «Абайдың сыры» әнін орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Ал Айымгүл Машаева ұлы ойшылдың бірінші қара сөзін оқып, Абайдың адамгершілік пен елдік туралы ойларын көпшілікке жеткізді.

Әуезді кештің жалғасы Мұрат Әтеновтің орындауындағы «Кірмеші жиі түсіме» әнімен өрілді.

Сондай-ақ кеш қонақтарына Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген көрермендерге сыйлықтар табысталды.

Кештің ерекше сәттерінің бірі – Самиғолла Ізбасардың «Желсіз түнде жарық ай» әнін көпшілікпен бірге орындауы болды. Абай әнін ауыл тұрғындары қосыла шырқап, саябақта ерекше рухани ахуал қалыптасты.

Өнер кешінде Ұлжан Өтегенқызы «Ауылымды сағындым» әнін орындаса, халық арасынан аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлайна Құрманғалиева көркемсөз оқып, кештің мазмұнын байыта түсті.


Ал төрт жастағы Әсима Саматтың Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін жатқа оқуы көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.

Кішкентай өнерпаздың өлеңді мәнерлеп орындауы көпшілікті тәнті етіп, кештің есте қаларлық сәттерінің біріне айналды. Кеш барысында Айдана Әділханқызы «Айттым сәлем, Қаламқас» және «Мен саған ғашық емес ем» әндерін орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Музыкалық кештің соңында Асылжан Шаяхмет пен Әділбек Жұмашев Кежемұрат Мәжитовтің синтезатордағы сүйемелдеуімен «Сүйемін» әнін орындады.

Шара соңында аудандық «Жалын» мәдениет үйінің директоры Мақсот Мәлімқожаұлы кешке қатысушыларға алғысын білдіріп, шараға жиналған барша жұртшылыққа ризашылығын жеткізді.
-Абайдың мұрасын ұлықтап, оның шығармашылығына құрмет көрсету – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бүгінгі кешке арнайы уақыт бөліп, осындай көп болып жиналған барша көрерменге алғысымды білдіремін. Әсіресе, еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін Абайдың өлеңдерін жатқа білетінін көріп, ерекше қуанып, мақтанып тұрмын. Бұл – Абай мұрасының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқанын көрсетеді», – деді Мақсот Мәлімқожаұлы.

Абай мұрасы – уақыт өткен сайын жаңғырып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлттық руханиятымыздың асыл қазынасы. Аққыстауда өткен «Ғасырлардан жеткен әуен» кеші де ұлы ақынның әні мен сөзін халықпен қайта қауыштырған тағылымды мәдени шара болды.

Еркебұлан ЗИНЕДЕН



