Адал еңбегі абыройға бөледі

 

Ұлттық мереке — Республика күніне арналған салтанатты жиында облыс әкімі Болат Ақшолақов еліміздің және өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан бір топ азаматқа ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік марапаттар табыс еткені белгілі. Жиын төрінен көрінген өнеркәсіп, энергетика, мұнай-газ, көлік, ауыл шаруашылығы, білім мен ғылым, мәдениет және денсаулық сақтау саласының үздіктері, кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері қатарында көп жылғы адал еңбегімен ел құрметіне бөленген жерлесіміз, «Потенциал Ойл» ЖШС-нің тәжірибелі жүргізушісі Нұрлыбек Дияшев ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.

Нұрлыбек Сәлуұлы — Жанбай ауылының тумасы. Өмірін темір тұлпарды тізгіндеуге арнаған ол Кеңес әскері қатарындағы әскери борышын абыроймен атқарып келген соң, еңбек жолын «Забурын» қаракөл кеңшарында тракторшы қызметінен бастады. Кейін аталған кеңшарда және Жанбай селолық округінде жүргізуші, еңбек жолы басталған шаруашылықта ағаш кесуші, Аққыстау ДДСУ-да жұмысшы, «Жанбай» серіктестігінде құрылысшы болып тер төкті. Ал 2008 жылдан бастап күні бүгінге дейін «Потенциал Ойл» ЖШС-де жүргізуші қызметін абыроймен атқарып, табан аудармастан талмай еңбек етіп келеді. 

Бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіріп, түтіні түзу ұшқан шаңырақтағы өнегелі отағасы Нұрлыбек Сәлуұлы — бүгінде жарымен бірге ұрпақ қызығына бөленген бақытты әке, ардақты ата. Өмірінің 45 жылға жуық уақытын адал еңбекке арнаған қарапайым жұмысшы азамат мұндай жоғары мемлекеттік марапат өзі үшін үлкен қуаныш әрі тосынсый болғанын жасырмады.

— Әрине, мемлекеттік деңгейдегі мұндай марапатты мен секілді қарапайым жұмысшының иеленуі — үлкен бақыт. Біздің еңбегімізді елеп-ескеріп жатқан Мемлекет басшысына шексіз алғысымды айтқым келеді. Жалпы, бұл — тек менің ғана емес, жылдар бойы бірге еңбек еткен барлық ұжымдас азаматтардың ортақ жетістігі. Қарапайым еңбегімнің еленіп, ескерілуі мен үшін үлкен мәртебе,-дейді марапат иесі.

Қарапайым жүргізушінің қызметі бір қарағанда оңай көрінгенімен, қыстың қақаған аязы мен жаздың ми қайнатар ыстығында жол үстінде жүру үлкен шыдамдылық пен қажымас қайратты талап етері анық. Сондықтан да таңның атысы-күннің батысы темір тұлпарын тізгіндеп, ел игілігі үшін тер төгіп жүрген еңбекқор азаматтардың еңбегі әрқашан өнегелі әрі қадірлі.

Еркебұлан УАЛИТХАН

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT