Мемлекетіміздің келешегі - жастарды Отанына, атамекеніне шын берілгендік рухында тәрбиелеу қай уақытта да басты борыш саналған, қазіргі күні де солай. Бүгінгі білім жүйесінде де басты назар аударатын тәрбие салаларының бірі – осы отансүйгіштік тәрбие. Бұл борыш, ұлттық дәстүрге берік, елін, жерін сүйетін азамат тәрбиелеу, жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру - өскелең өмір талабынан туындап отырған талап. Қазіргі таңда қоғамда «қазақстандық отансүйгіштік» ұғымына зор мән берілуі де содан.
Бүгінгі Қазақстанның тәуелсіздігінің нығаюы мен дамуының обьективті шарттарының бірі ретінде де осы қазақстандық патриотизмді қарастырамыз. Біздің ұғымымыздағы патриотизм– көзсіз құштарлық емес, ата-баба қанымен бойға сіңген Отанға, елге деген саналы әрі шынайы махаббат. Отансүйгіштік деген ұғым тек өзің жаралған топырақ пен өскен ортаға деген ізгі сезімді білдірмейді, аясы әлдеқайда кең ұғым. Елдік, бірлік, халықтық қасиет-қазыналарды қастерлеу мен ертеңге деген берік сенім сияқты сезімдерді оятатын да осы отансүйгіштік. Оның қоғам дамуында айрықша орын алатын құдіретті рухани факторға айналуының сыры осында жатса керек.
Патриотизм–бұл Отаныңды сүю, сол Отанда өмір сүріп жатқан халқыңды сүю және де сол халықтың беделін, абыройын арттыру. Отансүйгіштік - адамның жеке басының қамынан гөрі, елінің қамын көбірек ойлауы. Осы ретте қазақстандық патриотизм мәселесі қазіргі таңда тәуелсіз еліміздің ғаламдық өркениет ортасынан өзінің лайықты орнын алуына бірден-бір себеп болатын маңызы ерекше өлшемнің біріне айналып отыр.
Көп ұлтты Қазақстан халқының отансүйгіштік сезімін қалыптастыратын азаматтық келісім, ұлттық бірлік екендігі де шындық. Туған жер, табиғат, оның байлықтары, дәстүр, тіл, тарихи ескерткіштер, салтқа деген адалдық, туған өлкедегі тамаша киелі орындар – жалпы ұлттық құндылықтар ешкімді де бейтарап қалдыра алмайтындығы рас. Олар адам көкірегінде сөзсіз жылылық ұялатады. Осылай оянатын отансүйгіштік – қасиетті ұғым.
Иә, отансүйгіштік, яғни патриоттық сезім туралы айтқанда, оның мағынасы үлкен, мазмұны терең, айтары көп. Сол себепті де қазіргі мектеп оқушылары үшін олардың өздері күнделікті көзбен көріп, қолмен ұстап дегендей жақсы таныс жайттардан туындата келіп отансүйгіштікті насихаттау маңызды-ақ. Ал оның бәрі қарапайым жайттар саналады.
Мәселен, өз еліңнің заңын құрметтеу, тәртібіне түзу көзқарас таныту да отаншылдық сезімге бастау болып жататын әрекет десек артық емес. Жас адамның өзінің жауапкершілігін сезініп өсуі, үлкенді сыйлап үйренуі, аға буынның өмірлік тәжірибесіне ден қоюы да Отанын сүюге, яғни қазақстандық патриотизмге қадам жасау десе болады. Бұл ретте осы бағытта қолға алынып жататын іс-шаралардың үлкен-кішісі болмайды деуге келеді. Қуанышымызға қарай бізде балабақшадан басталған мұндай шаралар жетіп-артылады.
Соның бірі жуырда ауданның білім бөлімі жанындағы мектеп-гимназияда «Саналы ұрпақ – салауатты қоғам» тақырыбында өткен ардагерлермен кездесу кеші. Негізінен «Заң мен тәртіп» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл шарада жоғарыда біз әңгімелегендей, отаншылдыққа бастау боларлық берекелі әрекеттердің бәрі өзек етілді. Аталған білім ордасының жанынан құрылған оркестрдің сазды сәлемімен ашылған шарада ауданға белгілі тұлғалар - білім беру мен мемлекеттік қызметте және қоғамдық салада ұзақ жылдар еңбек еткен ауданның Құрметті азаматы Бақберген Қарабаев, саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған ардагер ұстаз Күлән Аженова, ауданның дамуына бір кісідей үлес қосқан жан Мәди Өтеғалиев, аудан журналистикасының дамуында сүбелі үлесі бар қаламгер Аяпберген Салихов және сөз өнерін серік еткен ақын Адайбек Есекеш сынды әр саланың ардагерлері қонақ ретінде төрге озып, гимназия ұстаздары мен шараға қатысушы 9-сынып оқушылары алдында заң, жауапкершілік, адалдық, құрмет және тәртіп ұғымдарының мағынасын өздерінің өмір жолы мен өмірлік тәжірибелері арқылы ашуға тырысты. Бұл бағыттағы әңгіменің бәрі арнайы дайындалған сұрақтарға орайластырыла өрілуі де тартымды шықты. Өзара пікір тоғыстыруға өзек болған тақырыптар негізге алынған екі жағдаят бойынша оқушылардың да ой-пікірі тыңдалып, қонақтар да өз тәжірибелеріне сүйене көзқарастарын танытып отырды. Әрине, бұл жүздесуде де әдеттегідей өнерге орын беріліп, оқушылар мен ұстаздар әндері мен билерін көптің назарына ұсынды.
Білім ордасының басшысы Табила Исмагулова қорытындылап, қонақтарға алғыс сезімін білдірген шара заң мен тәртіпті тек ереже ретінде емес, адамның күнделікті өміріндегі құндылық ретінде қарастырды. Сондай-ақ ардагерлер өмір жолының жауапкершілік пен адалдық, құрмет пен еңбектің шынайы үлгісін паш етуі осы бір ұғымдарды жастардың жете зерделеуіне септесуі арқылы елге қызмет қылу, әр жағдайда адал болу, жауапкершіліктің жүгін сезінуіне, сол арқылы Отанға деген сүйіспеншіліктері де қалыптаса түсуіне жетелегендей.
Жалпы, бүгінгі мектеп оқушысын, жастарымызды өз Отанының азаматы ретінде отансүйгіштікке тәрбиелеу белгілі бір ортада жүретіні анық. Онда оның адами құндылықтар жүйесі, көзқарасы, ақыл-ойы қалыптасып шығады. Бұл ретте қазақстандық патриотизм қазақстандық ақыл-ойдың немесе ұлттық дәстүрдің ажырамас бөлшегі болып табылады. Біздің жастарымыздың болмысы мен болашағының негізі осы жағдайға бағытталуы құптарлық.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР



