Таяуда ғана Алматы қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің Парламентаралық Ассамблеясының шахматтан ашық кубогі ұйымдастырылды. Бұл халықаралық зияткерлік додаға достастық елдерінің парламент депутаттары мен аппарат қызметкерлері қатысып, өзара шеберлік байқасты. Қатысушылардың басым бөлігі әуесқой шахматшылар болғанымен, кейбір құрамалар сапында бұрын кәсіби деңгейде өнер көрсеткен тәжірибелі ойыншылардың бары жасырын емес. Солардың қатарында Қазақстан Республикасы құрамасының сапында жерлесіміз, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Айбек Нұрлыбеков те болды. Ол Атырау өңірі бойынша жалғыз өзі қатысу мүмкіндігіне ие болған.
Жарыс швейцариялық жүйе бойынша өткізіліп, тоғыз кезеңді қамтыды. Қатысушылар рапид форматында сынға түсіп, жылдам ойлау мен нақты шешім қабылдау қабілеттерін көрсете білді.
Аталған турнирге алты мемлекеттің құрамалары қатысып, жоғары деңгейде бақ сынасты. Нәтижесінде ІІІ орынды Ресей Федерациясының құрамасы, ІІ орынды Қазақстан Республикасының құрамасы, ал І орынды Тәжікстан Республикасының құрамасы жеңіп алды.

Осы орайда жарысқа қатысқан жерлесіміз Айбек Нұрлыбеков өз әсерімен бөлісті.
– Бұл іріктеу былтыр Астана қаласында өткен «Senat Open» II ашық кубогінің финалдық кезеңінің нәтижелері негізінде жүргізілді. Сол жарыста жоғары нәтиже көрсеткен 15 адам (депутаттар мен мәслихат аппаратының қызметкерлері) биылғы құрамға енгізілді. Бұл құрамның қатарында Астана, Көкшетау, Шымкент, Қызылорда, Алматы, Тараз, Қарағанды қалаларынан келген ойыншылар болды. Турнир біз үшін үлкен тәжірибе алаңына айналды. Қарсыластардың деңгейі жоғары, әр партия ерекше дайындықты талап етті. Әсіресе рапид форматында уақытты тиімді пайдалану мен жылдам шешім қабылдау маңызды рөл атқарды. Осылайша командалық ойынның маңызы зор екенін тағы бір мәрте сезіндік. Әріптестеріміз бір-біріне қолдау көрсетіп, нәтижеге бірге жұмыс істедік. Соның арқасында жүлделі екінші орынға қол жеткіздік деп ойлаймын. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған мұндай жарыстар тек спорттық бәсеке емес, сонымен қатар тәжірибе алмасу мен достық байланысты нығайтудың тиімді алаңы десек те болады,-деді ол.

Сөзімізді түйіндей айтқанда, мұндай жарыстар елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, зияткерлік спорттың дамуына серпін беретіні сөзсіз.
Сағыныш ҚАЙЫР


