Айтып келмейтін апат әркез әзір болуды талап етеді

 

Азаматтық қорғау полковнигі Абдуллин Бағдат Исатайұлы Атырау облысы  Төтенше жағдайлар департаменті  басшысы-ның бұйрығымен қыркүйектің 28-нен Исатай ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы болып тағайындалған еді. 1995 жылдың 19 қазанында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылған ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетінің негізінде бекітілген Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің ресми кәсіби мерекесі -  19 қазанда атап өтілетін болып белгіленген Құтқарушылар күні қарсаңындағы саланың жаңа басшысымен болған бұл сұхбатта апатты жағдайлардың алдын алу, апат орын алған кезде оны жоюға дайындық жайы, басқа да мәселелер өзек болды.

-Төтенше жағдайлар қызметі дегенде, көпшіліктің ойына дабылды оқиға, жедел жұмыс, уақыт күттірмес міндет оралатыны бар. Осы ретте өзіңіз жетекшілік ететін бөлім қызметіне қысқаша тоқтала кеткенде не айтуға болады?

 – Төтенше жағдайлар қызметінің басты міндеті – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою. Исатай ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі өз қызметін осы бағыттар бойынша жүзеге асырады. Бөлім қызметкерлері өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылауға, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге басымдық береді.

Біздің жұмысымыздың ең басты ерекшелігі – кез келген уақытта көмекке дайын болу. Өйткені төтенше жағдай уақыт таңдамайды, мезгілге бағынбайды. Сондықтан әрбір қызметкердің кәсіби дайындығы, жауапкершілігі мен шапшаң әрекеті маңызды рөл атқарады.

 


–Қазақ «апат айтып келмейді» дейді. Оның бетін әрмен қылсын, алайда сондай жағдай орын ала қалса әрекет етуге дайындығымыз қалай?

– Расында да, апат айтып келмейді. Сондықтан біздің алдымызға қойған басты мақсатымыз – төтенше жағдайлардың алдын алу және кез келген уақытта кез келген оқиғаға дайын болу. Бұл бізге талап пен міндетті күшейте түсетіні белгілі. Сол себепті де бөлім қызметкерлері тұрақты түрде жауынгерлік және кәсіби дайындық сабақтарына қатысып, түрлі жағдайларда дұрыс шешім қабылдау дағдыларын жетілдіре түсуге ұдайы жұмыстанады.

Сонымен қатар аудан тұрғындарына өрт қауіпсіздігі, судағы қауіпсіздік, жылыту маусымы кезіндегі қажетті сақтық шаралары және басқа да маңызды мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу де бірінші кезекте назарда тұрған іс.  Тағы бір ескерер жайт - төтенше жағдай туындаған кездегі әр секундтың маңызы зор. Бұл бізді жедел әрекет етуге сөзсіз дайын тұруға міндеттейді. Сондықтан да дайындықты үнемі жетілдіріп, күштер мен құралдардың жедел әрекет ету қабілетін қамтамасыз ету – негізгі міндеттеріміздің бірі. Біздің кешегі, бүгінгі, ертеңгі жұмыстарымыз да осы міндеттерді мүлтіксіз орындауға бағытталған, яғни дайындығымыз талапқа сай.


–Біз көбінесе өрт оқиғаларын жоюға байланысты өткізіліп жататын оқу-жаттығу жиындарынан хабарлымыз. Жалпы жоспарлы түрде өткізіліп тұратын осындай іс-шаралардың нәтижелілігі нешік?

– Біздің қызметіміз де оқу-жаттығулардың маңызы өте зор. Олар қызметкерлердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, төтенше жағдай кезінде бірлесіп әрі үйлесімді әрекет етуіне үлкен мүмкіндік береді. Жоспарға сәйкес өткізілетін оқу-жаттығулар барысында өртті сөндіру, адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялау, зардап шеккендерге көмек көрсету және тиісті қызметтердің өзара іс-қимылы пысықталады. Мұндай шаралар ықтимал кемшіліктерді анықтап, оларды дер кезінде түзетуге жағдай жасайды. Оқу-жаттығудың басты көрсеткіші – төтенше жағдай орын алған кезде қызметкерлердің абдырамай, жедел әрі сауатты әрекет етуі. Жоспарлы өткізіліп келе жатқан осындай шаралардың нәтижесінде қызметкерлеріміз кәсіби тұрғыдан шыңдала түсуде деп сеніммен айта аламын. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын таба беретін болады.


- Апатты жағадайлар сәтінде арнайы техникалардың қызметі алға шығатыны белгілі. Осы орайда қиын сәтте  қарекет қылуға техникаларымыздың дайындығы қандай, талапқа сай ма?

– Дұрыс айтасыз, төтенше жағдайлардың салдарын жоюда арнайы техникалардың жарамдылығы мен тұрақты дайындықта болуы ерекше маңызға ие. Өрт сөндіру және құтқару жұмыстарының тиімділігі қызметкерлердің кәсіби шеберлігімен қатар, пайдаланылатын техникалар мен жабдықтардың қалыпты жағдайына да байланысты. Қазіргі уақытта бөлім теңгерімінде 4 бірлік техника, 2 өрт сөндіру автокөлігі (АЦ 5-40 КАМАЗ, АЦ 6-70 УРАЛ) және авариялық құтқару жұмыстарына шығуға арналған 2 бірлік (TOYOTA HILUX) техникалар бар. Олар әруақыттағы әрекетке әзір тұрады.

Осыған орай арнайы техникалардың техникалық жай-күйіне бақылау жүргізіліп, қажетті жабдықтардың жарамдылығы үнемі тексеріліп отырады. Қызметтік техникаларды уақытылы күтіп ұстау, олардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – басты назардағы мәселелердің бірі. Жалпы алғанда, біздің ең басты міндетіміз – төтенше жағдай орын алған сәтте оқиға орнына жедел жетіп, адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бар күшімізді салу. Өйткені құтқарушы үшін адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ.

- Әңгімеңе рахмет. Мереке құтты болсын!

Сұхбаттасқан: Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT