Ақ тілекпен көріскен...

 

«Амал келді, жыл келді» деп ағайын қуана құшақ ашатын, бір-бірін бауырға басатын Амал мерекесі аталатын көрісу дәстүрі бұрын еліміздің батыс өңірінде ғана аталып келе жатқан болса, осы жолы оның өзге де өңірлерге қанатын жая түскені аңдалды Басқасын айтпағанда, сол игі дәстүріміздің еліміз бойынша өтіп жатқан «Наурызнама» онкүндігінің беташарындай болып, алғашқы күні ретінде тойлануы соның дәлелі. Осынау Көрісу күні ауданымызда да өз деңгейінде көрініс берді.

Әдеттегідей, осы күні кішілер үлкендерге көрісуге асықты, үлкендер жағы ақ батасы мен игі тілегін төкті. Осы күнге орайластырылған шаралар да әр ауылда мазмұнына сай қолға алынды. Мәселен, аудан орталығындағы жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымның күндіз болу бөлімшесінде осы күннің қайырымдылық пен мейірімділікке, татулыққа, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, игі істер атқарар ізгі ниетке толы еткендігін паш еткен бір шара өтті. Оның «Жақсылық жаса, жан жылыт» атауы да соны айқындап тұрған. Сондай-ақ орталық алаңда жылылық пен достықты паш еткендей «Көрісу – жыл басы» сахналық театрландырылған қойылым мен мерекелік сазды бағдарлама да игі дәстүрдің өміршең болмысын байқатты.

Ауданның ауылдық округтері орталықтарында да, шалғайдағы елді мекендерде де өткізілген мәдени-көпшілік шаралар мерекенің мәні мен маңызын аша түсті. Олардың қатарында Тұщықұдықтағы «Ұлттық дәстүрдің жаңғыруы», Жанбайдағы «Ұлттық ойын – халық қазынасы», Х.Ерғалиев ауылындағы «Амал келді – жыл келді», Исатайдағы «Жыл басы - Амал», Зинеден ауылындағы «Көрісу күні – амандықтың бастауы», Нарындағы «Бір жасыңмен!» шараларын атауға болады. Шалғайдағы Қызылүй мен Томанда да осында игі істер көрініс берді. Бір айта кетерлігі, осынау шаралардың қай-қайсысының да атауының өзі-ақ атаулы күннің мақсат-мұратын айшықтап тұр еді. Мысалы, Тұщықұдықта ауылдағы еңбек ардагерлері мен ауданның Құрметті азаматтарының үйлеріне арнайы барып құттықтау, көрісіп, ақ баталарын алу үлгілі бір іс болды. Онда ауылдық округ әкімі Арслан Амиров, мәдениет үйінің директоры Мақсот Ислат ауылдастарының ардагерлерге деген игі тілектерін жеткізді, құрметтерін көрсетіп, өмірлік тәжірибелерінен алынған әңгімелері мен ақыл-кеңестеріне де құлақ қойды. Ардагерлер, сондай-ақ елдің амандығын, халықтың бірлігін тілеп, ақ баталарын берді. Ал Х.Ерғалиев ауылында арнайы тігілген киіз үйде мерекелік дастархан жайылып, ауыл тұрғындары бір-бірімен құшақтаса көрісіп, ақжарма тілектерін арнады, наурыз көже мен бауырсақтан ауыз тиіп, ұлттық дәстүрді жаңғыртты.

Жалпы алғанда, ауылдардағы бұл шаралар ұлттық салт-дәстүрлерімізді жаңғырту арқылы жас ұрпаққа дәріптеуді, үлкенге құрмет пен кішіге ізет дәстүрін қалыптастыра түсуді, қоғамда бірлік пен татулықты нығайтуды, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылықты арттыруды, көрісу дәстүрінің тәрбиелік мәнін аша түсуді мақсат тұтты. 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT