Қазақ киносының тарихында көрермен жадынан өшпейтін, уақыт өткен сайын қадірі арта түсетін туындылар бар. Солардың бірі – «Қыз Жібек» фильмі. Бұл туынды арқылы тұтас бір ұлттың болмысы, салт-дәстүрі мен сұлулық әлемі экранға көшсе, Жібек бейнесі қазақ қызының көркі мен тектілігін әйгіледі. Арада қанша жыл өтсе де, осы рөлді сомдаған Меруерт Өтекешованың есімі аталғанда, көрерменнің көз алдына аққудың көгілдіріндей сұлу Жібек бейнесі оралады. Қазақ киносы мен театр өнеріне өлшеусіз үлес қосқан Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешова Исатай ауданына келіп, жергілікті жұртшылықпен кездесті. Өнер иесімен жүздесу – бір дәуірдің көркем шежіресіне айналған кино әлеміне жақындап, сахна саңлағының шығармашылық жолымен танысуға жол ашты.

Бұл – Исатай жұртшылығы үшін қазақ киносының тарихында өшпес із қалдырған өнер иесімен жүздесіп, сүйікті Жібегін өмірде көрудің ерекше мүмкіндігі болды. Ауданға келген қонақты аудан әкімі Нұрым Мусин қарсы алды. Аудандық «Жалын» мәдениет үйінде өткен кездесуге жиналған көрерменнің ықыласы айрықша еді. Меруерт Өтекешова сахнаға көтерілген сәтте залдағы жұртшылық орындарынан тұрып, ду қол шапалақпен құрмет көрсетті. Бұл – халықтың өнерге, өнер иесіне деген шынайы ықыласының белгісі.

Кездесу «Қыз Жібек» фильміндегі көркемдік мәні ерекше әндердің бірі – Үкілі Ыбырайдың «Гәккуімен» ашылды. Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, кәсіби әнші әрі ұстаз Мүнира Ижанова әнді жанды дауыста орындап, кештің мазмұнын аша түсті. Таныс әуен көрерменге фильмнің сырлы әлемін еске салып, кездесудің әсерін күшейтті. Бұдан кейін сахна төріне Меруерт Қаратайқызы шақырылып, өнер иесімен еркін форматта сұхбат өрбіді.

Әңгіме барысында актрисаның шығармашылық жолы, өнерге деген көзқарасы мен өмірлік ұстанымы сөз болды. Көрерменнің «Отырып жауап бере беріңіз» деген ұсынысына Меруерт Өтекешова: «Мынандай халық мені көруге келгенде, мен қалай отырамын?» – деп жауап берді. Ол кездесудің соңына дейін тік тұрып, жиналған жұртшылықтың сауалдарына ықыласпен жауап қатты. Бұл әрекеті оның көрерменге деген құрметін аңғартып, жүздесудің өн бойына жарасымды әсер берді.

Сұхбат барысында өнер иесі «Қыз Жібек» фильмінің түсірілімінен естеліктер айтып, көрерменді қазақ киносының сырлы әлеміне жетеледі. Жылдар өтсе де көрермен жадынан өшпеген туындының түсірілу тарихында көпшілік біле бермейтін қызықты жайттар аз емес. Соның бірі – фильмдегі аққулар көрінісіне қатысты естелік. Көл бетінде қалықтаған аққуларды түсіру кезінде құстар режиссер ойлаған көрініске бірден көндікпеген екен. Сол сәтте Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйі қосылғанда, аққулар бір-біріне жақындап, камераға қарай жүзе бастағаны айтылады. Бұл оқиғаны қазақ өнерінің көрнекті өкілі Асанәлі Әшімов те ерекше тебіреніспен еске алған. Ал Қаршыға мен Шегенің күй тартысы кезіндегі аққулар биін түсіру үшін түсіру тобы бір күн бойы қолайлы сәтті күтіп, ақыры кешкі мезгілде қажетті кадрларды түсіріп үлгерген. Тіпті фильмнің алғашқы атауы «Аққу» болғаны да кездесуде айтылды. Табиғат пен әуеннің үндестігін танытатын бұл естелік көрерменнің қызығушылығын арттырды.

Кештің мазмұны жас таланттардың өнерімен де толыға түсті. Ауданның талантты домбырашысы, республикалық байқаулардың лауреаты, жас ұстаз Мирас Махмуд Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін күмбірлете орындады. Ал кішкентай биші Кәусар Қаржауқызы биімен көрермен ықыласына бөленді. Жас өнерпаздардың өнеріне тәнті болған актриса ризашылығын білдіріп, таңданысын жасырмады. Сондай-ақ аудан өнерпазы Айдана Әділханқызы «Анашым» әнін әуелетсе, жас әнші Дильназ Махмудова «Бұлбұл» әнін нақышына келтіре орындады. Өнер көрсеткен әрбір жасқа ақжарма тілегін арнап, батасын берген қонақтың ықыласы кештің әсерін арттыра түсті. Сахна төрінде қазақ өнерінің көрнекті өкілі мен өнер жолына енді қадам басқан жас буынның арасындағы сабақтастық айқын көрінді.

Кездесу көрермендермен ашық әңгімеге ұласып, залдан түрлі сауалдар қойылды.

Естеліктер де жаңғырып, осыдан 48 жыл бұрын Меруерт Өтекешованың Исатай ауданына алғаш рет табан тірегені сөз болды. Уақыт жылжығанымен, өнер иесінің есімі мен «Қыз Жібек» фильмінің халық жадындағы орны өзгермегені анық.

Керісінше, жылдар өткен сайын бұл туындының қадірі артып, Жібек бейнесі жаңа ұрпақтың да жүрегіне жол тауып келеді. Кеш соңында Меруерт Қаратайқызы исатайлықтарға жүрекжарды алғысын білдіріп, елге деген ізгі тілегін жеткізді.

– Біз Құман Тастанбеков ағаларыңмен Исатай батыр туралы театрлық көріністе бірге ойнағанбыз. Сол кезде Құман ағаларың Исатай батыр бабамыздың рөлін сомдады. Мен рөлдегі Исатай батырдың ерлігіне таңғалғаным рас. Ал шынайы тарихта қаншама ерлігі бар. Бүгін сол батыр бабамыздың рухы қалған, даңқы жеткен киелі ауданның жұртшылығымен жүздесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Баршаңызға амандық, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке тілеймін. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Өнерді қадірлеп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай беріңіздер!-деді ол.
Шара соңында аудан әкімі Нұрым Мусин аудан жұртшылығы атынан Меруерт Қаратайқызына ыстық ықыласы мен шынайы алғысын білдірді. Өнер иесіне құрмет көрсетіліп, естелік сыйлық, аудан тарихынан сыр шертетін шежіре кітабы және қаржылай сыйақы табысталды.

Нарынның құмында тарих пен өнердің ізі қалған. Қасиетті мекенде қазақ киносының аңызға айналған Жібегімен жүздесу исатайлықтар үшін ұмытылмас рухани сәтке айналды. Бұл кездесу ұлттық өнердің өміршеңдігі мен ұрпақтар сабақтастығын тағы бір мәрте айшықтады. Экрандағы Жібек бейнесі уақыт өткен сайын жаңғырып, оны сомдаған актрисаның өнері халық жадында сақтала бермек. Өнерге тағзым еткен бұл жүздесу ел жадында ерекше сәт болып қалды.

Еркебұлан ЗИНЕДЕН



