Ауа райының бұзылып, жауын-шашынның көбеюіне байланысты аудан орталығы Аққыстауда су сору және тазарту жұмыстары жүргізілуде. Көшелер мен кейбір аумақтарда жаңбыр суының жиналуына байланысты жауапты мекемелер жедел әрекетке көшті.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің ұйымдастыруымен «Таза Исатай» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны арнайы техникаларды жұмылдырды.

Қазіргі таңда Аққыстау ауылы ішіне екі су сору техникасы мен бір арнайы техника шығарылды. Сонымен қатар Тұщықұдық ауылдық округіне бір техника жіберілді. Жалпы жұмыстарға алты жұмысшы тартылған.

Мамандар жауын-шашын суын сору, арықтар мен су ағу жолдарын тазарту жұмыстарын жүргізуде.«Таза Исатай» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы Азамат Жүнісовтың айтуынша, жағдай бақылауда және қажетті жұмыстар жалғасады.

Мұндай кезеңде су өткізу жолдарының бітелмеуі маңызды. Сондықтан тұрғындарға арықтарға қоқыс тастамау қажеттігі ескертілуде.
Ж.МЫҢҒҰЛ

