Аққыстау вокзалы қайта жаңғыртылды

 

Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылында қайта жаңғыртылған теміржол вокзалы салтанатты түрде пайдалануға берілді. Бұл – өңірдегі көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған ауқымды жобалардың бірі. Жаңартылған вокзалдың ашылуы халыққа бағдарланған мемлекеттік саясаттың, өңірлердің әлеуетін арттыру мен сапалы инфрақұрылым қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нақты көрінісі. 

 

 

Облыс әкімдігінің мәліметінше, Атырау облысы бойынша қайта жаңғырту жоспарланған тоғыз теміржол вокзалының ішінде құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілген алғашқы нысан – Аққыстау вокзалы. Бұрынғы ғимарат шамамен 1970 жылдары салынып, содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев құрылысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаған мердігер ұйым – «Батыс Строй Сервис Атырау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне алғыс білдірді. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Атырау магистральдық желі бөлімшесі филиалының директоры Аралбай Қосымбаевтың айтуынша, вокзал толықтай заманауи талаптарға сай жабдықталған. 

 

 

– Жаңғырту барысында жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне басымдық берілді. Ғимараттың қасбеті мен ішкі бөлмелері толық жөнделіп, инженерлік желілер, жылу, су және электрмен жабдықтау жүйелері жаңартылды. Сонымен қатар кең әрі жайлы күту залдары, ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған барлық қажетті жағдайлар қарастырылған. Бұл вокзал тұрғындарға сапалы қызмет көрсететін заманауи нысанға айналады деп сенеміз. Аққыстау ауылы үшін бұл – үлкен қуаныш, – деді Аралбай Қосымбаев.

 

 

Жаңа вокзалдың ашылуына жиналған тұрғындар да игілікті іске ризашылықтарын білдірді. Алайда олар аудан мен облыс орталығы арасындағы жолаушылар пойызының қатынасы қайта жанданса деген тілектерін де жеткізді. Еске салсақ, 2021 жылы іске қосылған «Атырау – Дина Нұрпейісова» бағытындағы жолаушылар пойызының қозғалысы өткен жылы тоқтатылған болатын.

 

 

Осыған байланысты тұрғындар жаңа вокзалдың толыққанды пайдаланылмай қалуы мүмкін деген алаңдаушылықтарын жасырмады. Олардың пікірінше, жаңа нысанның тиімді жұмыс істеуі үшін тұрақты жолаушылар тасымалы қайта қалпына келтірілуі қажет. Ауыл тұрғыны Кенжебай Сағынғали да жаңартылған вокзалдың ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдіріп, тұрғындардың басты тілегі – пойыз қатынасын көбейту екенін айтты.

 

 

– Қазіргі таңда аудан тұрғындарына қызмет көрсететін бір ғана жолаушылар пойызы қатынайды. Бұрын Құрманғазы ауданына дейін және басқа да бағыттарға пойыздар жүрген еді, кейін олардың қозғалысы тоқтатылды. Сондықтан тұрғындар ретінде жолаушылар пойыздарының санын көбейтіп, қосымша вагондар мен жаңа бағыттар ашылса деген тілегіміз бар. Бүгін пайдалануға берілген жаңа вокзал – аудан халқы көптен күткен нысан. Құрылыс жұмыстарының аяқталуын жұртшылық асыға күтті. Енді бұл заманауи вокзал халық игілігіне қызмет етіп, жолаушылар тасымалының дамуына серпін береді деп сенеміз. Осындай ел игілігіне арналған қуанышты жаңалықтар көбейе берсін, – дейді ауыл тұрғыны.

 

 

Айта кетейік, Аққыстау теміржол вокзалының жаңғыртылуы аудан тұрғындарына көрсетілетін қызмет сапасын арттырып қана қоймай, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға да оң ықпал етеді. Ендігі кезекте тұрғындардың басты үміті – жаңа вокзал арқылы жолаушылар пойызының қатынасы қайта жандануы.

 

 


 Еркебұлан ЗИНЕДЕН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT