Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен жол-көлік оқиғаларының алдын алу – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта Исатай ауданында заманауи цифрлық бақылау жүйесін енгізу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама құқықбұзушылықтың алдын алып қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіз өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Бүгінде Аққыстау ауылдық округінің көшелеріне Исатай аудандық полиция бөлімі 72 бейнебақылау камерасын орнатып, іске қосты. Бейнекамералар жол қозғалысының сақталуын тәулік бойы бақылап, көлік құралдарының жылдамдығын қадағалауға, қоғамдық тәртіптің бұзылуын анықтауға және құқық қорғау органдарының жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.
Исатай аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Едіге Жұмағалиевтің айтуынша, бұл жүйе құқықбұзушылықтың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды құралдың біріне айналып отыр.

– Аққыстау ауылдық округінде орнатылған 72 бейнекамера жол қозғалысы ережелерінің сақталуын, көлік құралдарының жылдамдығын және қоғамдық тәртіпті тәулік бойы бақылауға мүмкіндік береді. Камералар арқылы анықталған құқықбұзушылықтар бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылданып, айыппұл салынады. Осыған орай, барлық тұрғындарды заң талаптарын қатаң сақтауға, жол қозғалысы ережелерін бұзбауға және қоғамдық тәртіпті бірге қамтамасыз етуге шақырамыз,-дейді ол.
Бейнебақылау жүйесінің енгізілуі – құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, олардың алдын алудың да тиімді тетігі. Себебі қоғамдық орындар мен көшелердің үздіксіз бақылауда болуы жүргізушілердің де, жаяу жүргіншілердің де жауапкершілігін арттырады. Бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларының азаюына, қоғамдық тәртіптің нығаюына және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге оң ықпал етеді.


