Аққыстауда "Таза Қазақстан" жалпыұлттық тұжырымдамасы аясында жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Көшелердің асфальтталуы тұрғындардың күнделікті қатынасын жеңілдетіп қана қоймай, ауылдың ажарын айқындап, қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік беруде.
Қазіргі таңда ауылдағы автомобиль жолдарын салу және жаяу жүргіншілер жолдарын абаттандырудың төртінші кезеңі жүзеге асырылуда. Жоба аясында Аққыстау аумағында жалпы ұзындығы 12,1 шақырым автомобиль жолын салу және 3 шақырым жаяу жүргіншілер жолын төсеу көзделген. Жобалық құжаттама 2025 жылғы 24 маусымда №15-0174/25 сараптамадан өткен.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Жанна Шугупанованың айтуынша, құрылыс-монтаждау жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталған. Бүгінде жоба бойынша жұмыстардың орындалу көрсеткіші 51,04 пайызға жеткен. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
–Жоба аясындағы құрылыс жұмыстарын биыл толық аяқтау жоспарланған. Жобаның іске асу мерзімі – 13 ай. Тапсырыс беруші – аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі. Құрылыс жұмыстарын «Актив-А» ЖШС жүргізуде. Авторлық қадағалауды «Шыңдау» ЖК, техникалық қадағалауды «ESP» жүзеге асыруда,-деді Жанна Нұрбергенқызы.
Жол құрылысының бұл кезеңі ауыл үшін айрықша маңызға ие. Өйткені жоба бұған дейінгі үшінші кезеңнен кейін жол төселмей қалған бірқатар ірі көшені қамтиды. Олардың қатарында Ынтымақ және Ғұмаров көшелері бар.
Аққыстаудың көшелері жыл сайын жаңарып, жол сапасы біртіндеп жақсарып келеді. Бұған дейінгі кезеңдерде де ауылдың бірқатар көшесіне асфальт төселіп, тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалған еді. Ендігі кезекте Ынтымақ пен Гумаров көшелерінің жаңаруы ауыл ішіндегі көлік қозғалысын реттеп, қатынау мүмкіндігін кеңейте түспек.
Жол – елді мекеннің күнделікті тыныс-тіршілігімен тікелей байланысты инфрақұрылымның бірі. Сондықтан Аққыстауда қолға алынған бұл жоба тек асфальт төсеумен шектелмей, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қозғалысына жағдай жасауға бағытталған. Жоспарланған жұмыстар толық аяқталған соң, ауыл көшелерінің келбеті жаңарып қана қоймай, елді мекеннің инфрақұрылымдық мүмкіндігі де арта түспек.
Сағыныш САЙЛАУБАЙҚЫЗЫ



