Аққыстауда жылдамдықты бақылайтын 5 камера іске қосылады

 

Ауданда жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау, қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылау және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелеріне айрықша көңіл бөлінуде. Осы бағытта өңірде заманауи цифрлық бақылау жүйелерін кезең-кезеңімен енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.Аққыстау ауылының көшелерінде орналасқан жол жүрісі қағидаларының бұзылуын автоматты түрде анықтайтын «Ekin Box Spotter» маркалы 5 камера 1 қыркүйектен бастап штаттық режимде жұмыс істей бастайды. Аталған құрылғылар көлік қозғалысының жылдамдығын автоматты түрде тіркеп, белгіленген талаптардың сақталуын бақылауға мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін аудан орталығы Аққыстау ауылдық округінде жалпы саны 124 бейнебақылау камерасын орнату жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы газетімізде және әлеуметтік желілерде хабарлаған болатынбыз. Оның 52-сі аудан әкімдігі тарапынан орнатылса, аудандық полиция бөліміне қарасты 72 камера Аққыстау ауылының 18 нүктесіне орналастырылған.Бұл жүйелер қоғамдық тәртіпті күшейтуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып отыр. Ал 1 қыркүйектен бастап іске қосылатын «Ekin Box Spotter» камералары жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауды одан әрі күшейтпек.

Бұл туралы аудандық полиция бөлімі, әкімшілік полиция бөлімшесі әкімшілік практика тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Жанаргүл Дәулеткереева айтып өтті.

– «Ekin Box Spotter» маркалы 5 камера Аққыстау ауылдық округіндегі Ынтымақ, Мұнайшы және Елорда көшелеріне орналасқан. Ауыл ішіндегі рұқсат етілген жылдамдық – сағатына 60 шақырым. Камералар көлік құралдарының белгіленген жылдамдықтан асып кетуін автоматты түрде тіркейді. Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің қатарында жылдамдықты шамадан тыс арттыру, жүргізушінің көлік басқару кезінде ұйқышылдыққа бой алдыруы және мас күйінде көлік жүргізу сияқты жағдайлар бар. Сондықтан жаңа цифрлық бақылау жүйесін енгізу – ең алдымен, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған шара, – дейді полиция подполковнигі.

Жаңа камералардың іске қосылуы жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауға деген жауапкершілігін арттырып, ауыл көшелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз септігін тигізбек.


Сағыныш ІЗБАСАРОВА

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT