Аққыстаулық «Даллас» – Исатай футбол лигасының екі дүркін чемпионы

 

Исатай футбол лигасының жазғы біріншілігі өз мәресіне жетті. Екі айға жуық уақыт бойы аудан жұртшылығына тартысты әрі қызықты ойындар сыйлаған спорттық дода Исатай ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өтті.

Биылғы лига төрт ауылдық округті қамтып, жалпы 11 турда 55 ойын өткізілді. Жарыстың салтанатты жабылу рәсіміне аудан әкімі Нұрым Мусин мен аудандық мәслихат төрағасы Аманжол Рахметов қатысып, додаға қатысқан барлық аяқдопшыларға алғыстарын білдірді. Жарыс қорытындысы бойынша бірқатар үздік ойыншылар арнайы номинациялармен марапатталды. «Көрермен көзайымы» номинациясына Қамысқала жастары құрамасының ойыншысы Мейрамбек Жеңісбекұлы лайық деп танылды. «Үздік жас ойыншы» атағын исатайлық Ғайнеденов Дидархан иеленсе, «Үздік капитан» номинациясы Қамысқала командасының капитаны Бисенбаев Айболға бұйырды. Ал «Үздік легионер» атағына Исатай футбол құрамасының мүшесі Дәуренбек Жолдаспаев ие болды.

«Үздік қорғаушы» атағы Тұщықұдық құрамасының капитаны Ғұбайдуллин Медетке берілді. Ал жарыста 12 гол соғып, үздік сұрмерген атанған аққыстаулық «Даллас» командасының ойыншысы Шапихов Бекзат болды. «Үздік қақпашы» номинациясын Қамысқала құрамасының қақпашысы Мутиғуллин Арсен иеленсе, «Үздік ойыншы» атағы жанбайлықтардың легионері Асылбеков Әлиге берілді. Аталған төрт номинация иегерлеріне арнайы статуэтка мен 50 мың теңгелік сертификат табысталды.

Лига қорытындысында Қамысқала құрамасы қола жүлдеге ие болып, командаға 200 мың теңгелік қаржылай сертификат табыс етті. Турнир барысында жарқын ойын көрсеткен жанбайлықтар күміс жүлдені еншілеп, 300 мың теңге қаржылай сыйақыға ие болды. Ал барлық қарсыластарынан оқ бойы оза шауып, екінші мәрте лига чемпионы атанған аққыстаулық «Даллас» құрамасына чемпиондық кубокпен қатар 500 мың теңге табысталды. «Даллас» командасының ойыншысы, жарыстың үздік сұрмергені Бекзат Шапихов лиганың алдағы уақытта одан әрі дами түсуіне қатысты өз ұсыныстарын білдірді.

-Лига ұйымдастырушыларына осындай мүмкіндік сыйлап, аудан жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып келе жатқаны үшін алғысымды білдіремін. Бүгінде бұл лига төрт жыл қатарынан ұйымдастырылып, өз дәстүрін қалыптастырып келеді. Мұндай жарыстар арқылы ауданымыздың спорттық әлеуетін кеңінен танытуға мол мүмкіндік бар. Әрине, ойыншылар мен жанкүйерлер тарапынан айтылатын ұсыныстар да жоқ емес. Соның бірі – алаң сапасын жақсарту. Сонымен қатар лиганың медиа бағытын одан әрі дамыту қажет деп ойлаймын. Себебі медиа жұмысы жақсы жолға қойылса, бұл жергілікті футболшыларды кеңінен танытуға үлкен мүмкіндік береді. Бәлкім, осы арқылы талантты ойыншыларымыздың кәсіби деңгейге дейін көтерілуіне жол ашылар. Ал жанкүйерлер тарапынан жиі айтылатын ұсыныстардың бірі – ойындарды тікелей эфир арқылы көрсету. Қазір көптеген жанкүйер түрлі себептермен түзде жүріп, сүйікті командасының ойындарын тамашалай алмай жатады. Тікелей эфир ұйымдастырылса, бұл бір жағынан жанкүйерлерге қолайлы болса, екінші жағынан лигаға деген қызығушылықты арттырып, оны ауданнан тыс жерлерге де танытуға септігін тигізер еді. Ең басты тілегіміз – лига жылдан-жылға дами беріп, өрісін кеңейтсе екен. Осындай ауқымды жобаны ұйымдастырып жүрген ағаларымызға алғысымыз шексіз. Еңбектеріңіз жана берсін, аудан футболы биіктей берсін! – дейді лига жеңімпазы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта өткен жылғы лига мен кубок ойындарының жеңімпаздары «Даллас» және «Қамысқала» командалары арасында Суперкубок кездесуі өткізілуі жоспарлануда. Сонымен қатар күз мезгілінде биылғы жылдың кубок ойындары ұйымдастырылады. Осылайша, төрт жылдық тарихы бар Исатай футбол лигасының кезекті маусымы қорытындыланып, аудан футболшылары үшін жаңа белестерге бастар жол ашылды.

Еркебұлан ЗИНЕДЕНОВ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT