Аққыстаулық кәсіпкер табиғи йогурт өндіріп отыр

 

Бүгінде тұтынушыны әдемі жарнама немесе көз тартар қаптама ғана қызықтырмайды. Халық ең алдымен өнімнің сапасы мен табиғилығына мән беретін болды. Әсіресе күнделікті дастарханнан үзілмейтін сүт өнімдеріне қойылатын талап күшейді. Құрамы таза, дәмі табиғи, жергілікті өнімге деген сұраныстың артуы да осының айғағы. Нарықтағы бұл өзгеріс ауыл кәсіпкерлеріне жаңа мүмкіндік ашып отыр. Табиғи өнім өндіруді кәсіпке айналдырып, жергілікті тұрғындарды сапалы сүт өнімдерімен қамтып отырғандардың бірі – Аққыстау ауылының тұрғыны, «Жас-Нұр» жеке кәсіпкерлігінің иесі Сағынбай Бекешев. Ол бірнеше жылдан бері адал еңбекті серік етіп, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосып келеді. 

Кәсіпкердің басты мақсаты – халыққа табиғи әрі қолжетімді өнім ұсыну. Бүгінде оның өнімдері ауыл тұрғындарының сұранысына ие болып, жергілікті нарықта өз орнын қалыптастыра бастаған.
Сағынбай Баташұлының еңбек жолы да ауылдан басталып, ауылмен қайта табысқан тағдырлардың бірі деуге болады. Ол алғашында көршілес Махамбет ауданындағы мектеп интернатында 7-сыныпқа дейін оқыған. Кейін Аққыстау ауылындағы орта мектепті аяқтаған соң 1995 жылы Қарулы күштер қатарына қабылданып, Қапшағай қаласында әуе десантшылар бөлімінде әскери міндетін абыроймен атқарады. Алғашқы еңбек жолын жауапкершілігі жоғары салада бастап, аудандық төтенше жағдайлар бөліміне қарасты №6 Өрт сөндіру бөлімінде көлік жүргізуші болып еңбек жолын бастаған. Ол жұмысын қатар алып жүріп, ТЖМ Көкшетау техникалық институтын тәмамдап, «өрт қауіпсіздігі инженері» мамандығын игерген. Әрі лейтенант шеніне ие болған. Сондай-ақ облыстық басқармада түрлі лауазымдарды абыроймен атқарып, өз ісіне жауапкершілігі мен жан-жақтылығын таныта білген. Кейін отбасының тұрмысын түзеу мақсатында вахталық әдіспен де жұмыс жасап, маңдай термен нәпақа тапқан жан.

 

 

Дегенмен қала тіршілігі мен сырттағы жұмыс туған жердің орнын баса алмады. Ауыл өміріне деген сағыныш пен атакәсіпке деген қызығушылық оны қайтадан туған топырағына жетеледі. Осылайша Сағынбай Баташұлы ауылға оралып, алғашында азын-аулақ мал ұстап, кәсібін шағын көлемде бастайды. Еңбек пен табандылықтың арқасында шаруасы біртіндеп алға басып, бүгінгі күні ол сауынды сиыр ұстап, табиғи сүт өнімдерін өндірумен айналысып отыр. Айран, қаймақ, сүзбе секілді күнделікті сұранысқа ие өнімдерді дайындап, жергілікті тұрғындарға ұсынып келеді. Табиғи өнімге деген сұраныстың артуы кәсіпкер ісінің де кеңеюіне жол ашқан.

Қазіргі таңда Өркен ауылында жеке кәсіпкер ретінде кәсібін дөңгелентіп отырған азамат ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосып келеді. Ең бастысы – ол өнім сапасына ерекше мән береді. «Халыққа адал, табиғи өнім ұсыну керек» деген қағиданы ұстанған кәсіпкердің еңбегі бүгінде тұрғындардың сеніміне ие бола бастаған. Ауылда отырып-ақ табыс табуға, адал еңбекпен кәсіп жүргізуге болатынын дәлелдеп жүрген жандардың бірі де – осы Сағынбай Бекешев.

 

 

Кейіпкеріміз 2025 жылы мемлекеттен 400 АЕК көлеміндегі, яғни 1 572 800 теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, кәсібін дамытуға мүмкіндік алған.

– Мемлекеттен берілген грант біз сияқты кәсіп бастаймын деген адамдарға үлкен мүмкіндік береді. Сол қаржыға қажетті құрылғыларды алып, кәсібімізді дамыттық. Грант қаражатына Алматы қаласынан сүт тартатын құрылғы мен йогурт дайындайтын аппарат сатып алдық. Қазір айран, йогурт, қаймақ, сүзбе және басқа да табиғи сүт өнімдерін шығарып отырмыз. Барлығы таза, табиғи өнім болғандықтан халық тарапынан сұраныс бар. Қай жерде жүрсем де, ауылдың тіршілігіне жақын болдым. Атакәсіппен айналысып, өз ісімді бастасам деген ой көкейімде жүретін. Біраз жыл түрлі салада еңбек етіп, тәжірибе жинадым. Кейін ауылға келіп, мал шаруашылығын қолға алуды жөн көрдім, – дейді ол бізбен болған әңгімесінде.

Бүгінде кәсіпкер өндірген өнімдерін тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсынып отыр. Атап айтқанда, 180 граммдық йогуртты 250 теңгеден, ал 200 граммдық айранды 300 теңгеден сатуда. Сонымен қатар Өркен ауылындағы «Айдын»дүкенін жалға алып, өнімдерін тұрақты түрде саудаға шығарған. Сондай-ақ жерлесіміз алдағы уақытта кәсібін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.  Соның бірі – жартылай дайын тағамдар, яғни полуфабрикат өнімдерін шығару.

– Қазір өнімдерімізді дүкен арқылы да, тапсырыспен де сатып жатырмыз. Аққыстау ауылының ішіне жеткізіп береміз. Анда-санда жәрмеңкелерге де қатысып тұрамыз. Жәрмеңкеде халық табиғи өнімді іздеп тұрады. Бір қуантатыны – тұрақты тұтынушыларымыздың қалыптасқаны. Көпшілік өнімнің дәмі мен сапасына риза болып жатады. Сондай-ақ жолдасым екеуміздің болашақта полуфабрикат өнімдерін де жасап шығарсақ деген жоспарымыз бар. Қазіргі кезде халыққа уа-қыт үнемдейтін, сапалы тағам түрлері қажет. Сондықтан осы бағытты да қолға алсақ дейміз. Жалпы ауылда еңбек етемін деген адамға мүмкіндік көп. Ең бастысы – ерінбей еңбек ету керек, – деген ол кез келген істің орайын білетін адам, шырайын да келтіре алатынын жасырмады.

Оның айтуынша, мал шаруашылығы – үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Таңның атысы, күннің батысы тынымсыз еңбекпен өтеді. Дегенмен адал еңбек пен төзімнің арқасында береке мен нәтижеге қол жеткізуге болады.

– Мал шаруашылығы оңай кәсіп емес. Бұл салада демалыс деген болмайды. Бірақ еңбектің жемісін көрген кезде бар қиындық ұмытылады. Адал еңбек адамды әрқашан алға жетелейді. Бұрын отбасымыздың қажетіне пайдаланған қымызды ауыл тұрғындары жиі сұрай бастады. Уақыт өте келе сұраныс артып, кәсібіміз дами түсті. Алғашында көршілерімнің бірі саумалдың денсаулығына пайдасы тигенін айтып, ризашылығын білдірді. Бір адамның болсын алғысын есту – үлкен қуаныш. Егер саумалдың шипасы тиіп, адамдардың денсаулығына сеп болса, одан асқан бақыт жоқ. Оның бәрі алдымен Алланың қалауы, кейін адамдардың ықпалы деп білемін,-дейді ол өз сөзінде қуанышын жасырмай.

Бүгінде ауылда басталған шағын істің үлкен сұранысқа ие болуы – ең алдымен адал еңбек пен табандылықтың нәтижесі. Сағынбай Бекешев өндіріп отырған табиғи сүт өнімдері тек кәсіп көзі ғана емес, жергілікті тұрғындардың сапалы әрі таза өнімге деген сұранысын қамтамасыз етіп отырған маңызды іс. Айран, йогурт, сүзбе, ірімшік секілді күнделікті тұтынатын өнімдерді табиғи жолмен дайындап, халыққа ұсыну – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Кәсіпкер осы сенім үдесінен шығып келеді.

Қазіргі уақытта табиғи әрі отандық өнімге деген сұраныстың артуы ауыл кәсіпкерлеріне жаңа мүмкіндік ашып отыр. Мұндай бастамалар бір жағынан жергілікті нарықты сапалы өніммен қамтыса, екінші жағынан ауылдағы кәсіпкерліктің дамуына серпін береді. Әсіресе ауылда отырып-ақ еңбек етіп, кәсібін дөңгелентіп отырған жандар жастарға да үлгі болары сөзсіз.
Сағынбай Бекешевтің кәсібі – туған жерден табыс тауып қана қоймай, ауылдың әлеуетін арттыруға болатынының нақты көрінісі. Ең бастысы, бүгінде тұрғындар дастарқанына өз ауданымызда өндірілген табиғи өнім қойылып отыр. Бұл – ауыл еңбегінің жемісі, ал адал еңбекпен келген өнімге деген халық сұранысы жыл өткен сайын арта түсуде.


Сағыныш  ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT