Биылғы қыс өңір жұртшылығы үшін оңай болған жоқ. Қыстың қаһары қатты болып, қар қалың түсіп, мал бағумен айналысатын шаруалар мен жеке тұрғындарға айтарлықтай қиындық туғызды. Әсіресе төрт түлікке қажетті жем-шөптің тапшылығы сезіліп, бірқатар елді мекендерде мал шығыны тіркелді. Табиғаттың тосын мінезі ауыл халқын сынға салғанымен, ел болып жұмылып, қиын кезеңді еңсерудің жолдары қарастырылды. Осы ретте аудан әкімдігі тарапынан жедел шаралар қолға алынып, Батыс Қазақстан облысынан жем-шөп жеткізу ұйымдастырылды. Ең бастысы, мал азығы тұрғындарға үстеме бағасыз ұсынылып, шаруалардың ауыртпалығын жеңілдетуге мүмкіндік жасалды. Бұл шара қысқы қиындықтың салдарын азайтып, көптеген мал иелерінің төрт түлігін аман сақтап қалуына сеп болды.
Бүгінде ауданның ауыл шаруашылығы саласында бірқатар оң өзгерістер орын алып келеді. Соның бірі – суару жүйелерін жетілдіру бағытындағы жұмыстар. Аудандағы каналдар жөндеуден өткізіліп, кеңейтілуі нәтижесінде су жеткізу мүмкіндігі артып, ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға қолайлы жағдай қалыптасуда.
Сонымен қатар Тұщықұдық ауылында ветеринарлық дәріхананың ашылуы жергілікті тұрғындар үшін үлкен жаңалық болды. Бұрын мал дәрісін алу үшін алыс жерлерге қатынауға мәжбүр болған малшылар енді қажетті ветеринарлық препараттарды өз ауылынан сатып алып, төрт түліктің күтімін уақытылы жүргізуге мүмкіндік алды. Бұл өз кезегінде мал ауруларының алдын алуға және мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға оң әсерін тигізуде.

Ауыл шаруашылығын дамытудағы тағы бір маңызды бастама – мал азығын дайындау ісінің жолға қойылуы. Бұл бағытта ауданның Аққыстау ауылдық округіне қарасты Есіркеп елді мекенін қоныс еткен «Ерасыл» шаруа қожалығы жүйелі жұмыстар атқаруда. Шаруашылық жетекшісі Болат Зұлхашев мал азығы қорын нығайту мақсатында егіс көлемін жыл сайын ұлғайтып келеді. Былтырғы жылы 70,6 гектар жерге мал азықтық дақылдар егілген болса, биыл бұл көрсеткіш 80 гектарға жетті. Шаруашылықта өнімділікті арттыру үшін заманауи технологиялар кеңінен қолданылуда. Атап айтқанда, жаңбырлатып суару әдісі енгізіліп, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің озық агротехникалық тәсілдері пайдаланылуда. Бұл технология топырақтағы ылғал мөлшерін бірқалыпты сақтап, егілген дақылдардың сапалы әрі мол өнім беруіне мүмкіндік береді. Нәтижесінде шаруашылықтың жем-шөп қоры артып, мал шаруашылығын тұрақты дамытуға берік негіз қалануда.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың да маңызы зор. Соның айқын дәлелі ретінде аталған Есіркеп елді мекенінде шабындық жер үшін Үкіметтің субсидиялау бағдарламасы арқылы құны 44 миллион теңгені құрайтын жаңбырлатып суару қондырғысының сатып алынуын атап өтуге болады. Аталған жоба бойынша жұмсалған қаржының 50 пайызы мемлекеттік субсидия есебінен қайтарылып, шаруашылыққа елеулі қолдау көрсетілді. Бұл жоба ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырып қана қоймай, өңірдегі жем-шөп дайындау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Исатай аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Дидар Есмұханов бұл жұмыстардың маңызына тоқталып, аудан халқы үшін мал шаруашылығы ата кәсіп қана емес, ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салты екенін атап өтті.
– Біздің өңірдің тұрғындары ежелден мал шаруашылығымен айналысып келеді. Сондықтан бұл саланы дамыту – тек экономикалық мәселе емес, ата-бабадан жалғасқан дәстүрді сақтап қалу деген сөз. Бүгінде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау, суару жүйелерін жаңғырту, жем-шөп базасын нығайту және жаңа технологияларды енгізу жұмыстары аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Ең бас-тысы – алдағы уақытта қысқы кезеңдегі қиындықтардың алдын алып, шаруалардың жем-шөппен толық қамтамасыз етілуіне қол жеткізу. Бұл жұмыстар ауданның аграрлық әлеуетін арттырып, мал шаруашылығының тұрақты дамуына жол ашады, – дейді бөлім басшысы.

Бөлім мамандарының мәліметінше, ауданда алдағы мал қыстату науқанына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биылғы қыста аудан бойынша 32 мыңнан астам ірі қара, 46 мыңнан астам қой-ешкі, 29 мыңнан астам жылқы және 11 мыңнан астам түйе қыстаққа түседі деп жоспарланып отыр. Осыған сәйкес 83,0 мың тонна мал азығын дайындау көзделсе, оның 3 мың тоннасы өткен жылдан қалған қор есебінен қамтылған. Қалған қажеЧттілікті өтеу үшін ауданда 20 трактор, 15 тіркеме және өзге де арнайы техникалар жұмылдырылып, шөп дайындау жұмыстарына 25 адам тартылған. Қазіргі таңда қажетті 80,0 мың тонна шөптің 50,0 мың тоннасы Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары мен көршілес аудандардан тасымалданса, 30,0 мың тоннасы ауданның құм өңірлері мен теңіз жағалауынан әзірленуде. Ауданда тіркелген 301 шаруа қожалығы мен 258 мал қыстағы қысқы маусымға тыңғылықты дайындалуда. Мамандардың айтуынша, жем-шөп қорын толықтыру және заманауи технологияларды енгізу жұмыстары төрт түлікті қыстан шығынсыз шығарып, ауданның мал шаруашылығы саласының тұрақты дамуына негіз қалайды.
Кез келген қиындықты еңбек пен бірліктің арқасында еңсеруге болады. Бүгінгі таңда ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалар мен бастамалар соның нақты дәлелі. Қыстың ауыр сынағынан сабақ алған шаруалар енді жем-шөп қорын молайтып, заманауи технологияларды тиімді пайдалану арқылы келешекке сеніммен қадам басуда. Бұл ата-кәсіпті сақтап, ауылдың берекесін арттыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі деп айта аламыз.
Еркебұлан ЗИНЕДЕН


