Аққыстаулық шәкірт Ақордада болды

 

Ел үмітін ақтайтын, болашаққа нық қадам басатын дарынды ұрпақтың орны қай кезеңде де ерекше. Білім мен өнерде, ғылым мен спортта үздік нәтижелерге қол жеткізіп жүрген талапты жастар - мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы. Ал оларға қолдау көрсетіп, білімге деген құштарлығын күшейтіп, биік мақсаттарға ұмтылуына жол ашатын тағылымды шаралардың берері мол. Сондай тағылымды істердің бірі жуырда оқу озат, білім байқауларында жеңімпаз, спорттық жарыстарда жүлдегер оқушылардың Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы – Ақордаға арнайы сапарының ұйымдастырылуы еді. Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ұйымдастырылған бұл саяхат еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды оқушылар үшін ұмытылмас әсерге толы болды.

Жас өрендер еліміздің басты саяси нысандарының бірі саналатын Ақорданың тыныс-тіршілігімен танысып, оның тарихы туралы мол мағлұмат алды. Өскелең ұрпақтың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, білімге, ізденіске және жаңа белестерді бағындыруға деген ынтасын күшейтетер бұл шырайлы сапарға Атырау облысынан бес оқушы қатысу мүмкіндігіне ие болса, олардың қатарында аудандық мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Мариям Жасұланқызы да болды.

Ол еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқушылармен бірге Ақордада болған сәтінде ерекше әсерге бөленді. Экскурсия барысында оқушылар Ақорданың салтанатты холын, ресми қабылдау залдарын, Мемлекет басшысының кітапханасын және көрікті бақ аумағын аралады. Сондай-ақ ғимараттың тарихы, сәулеттік ерекшеліктері мен мұнда өткізілетін маңызды мемлекеттік іс-шаралар туралы қызықты ақпараттарға қанықты.

– Мұндай сапар балалардың ел тарихы мен мемлекеттік құндылықтарға деген қызығушылығын арттыратыны сөзсіз. Оқушымыз Мариям - мектепте үздік оқушылардың бірі. Ол алған әсерін бізбен бөлісіп, экскурсияның өзіне ерекше шабыт сыйлағанын риясыз қуанышпен айтты. Балалар елорданың көрікті орындарын аралап, Астананың мәдени-тарихи нысандарымен танысқан.  Биыл Балаларды қорғау күніне арналған іс-шаралар «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды. 22 мамыр мен 1 маусым аралығында өткен онкүндік барысында отбасы құндылықтары, қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім беру және бала құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Республика көлемінде ағартушылық, қайырымдылық, спорттық және экологиялық бағыттағы көптеген іс-шаралар өткізілді. Осы орайда оқушыларға осындай тағылымды әрі танымдық шараларға қатысуға мүмкіндік жасаған облыстық Білім беру басқармасы мен «Таланттарды анықтау және қолдау» орталығының әкімшілігі мен аудандық білім бөлімі басшылығына алғысымызды айта өткіміз келеді,– дейді бізбен байланысқан Мариямның сынып жетекшісі Райхан Абишева.

Елорда төріндегі Ақордаға барған барлық оқушыларға Қазақстан Республикасы Президентінің атынан естелік сыйлықтар табысталған. Бұл сапар оқушылардың білімге, ел тарихына және мемлекеттік құндылықтарға деген қызығушылығын арттырумен бірге олардың жадында ұзақ сақталатын жарқын оқиғаға айналды.

 

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT