Цифрлық технология адам өмірін жеңілдеткен сайын, оның мүмкіндігін теріс пайдаланатындардың да тәсілі күрделене түсті. Бұрын алаяқтықтың қарапайым жолдары басым болса, қазір қылмыскерлер адамның телефонына бір қоңырау шалып-ақ, оның сеніміне кіріп, жеке деректеріне қол жеткізіп, банк шотын бақылауына алуы мүмкін. Тіпті азаматтың атына несие рәсімдеп, бірнеше жыл жинаған қаражатын бір сәтте жоқ ету қаупі бар. Интернет-алаяқтықтың ең қауіпті тұсы да осында. Мұнда қылмыскердің қаруы – күш емес, адамның сенімі мен психологиясы. Алаяқ құрбанын қорқытады, асықтырады, қызықтырады немесе өзін көмек көрсетуші адам ретінде таныстырады. Ең бастысы – ойлануға мүмкіндік бермеуге тырысады. Аққыстау ауылының тұрғыны да осындай психологиялық арбаудың құрбаны болған. Қауіптің қай тұстан келгенін ол бірнеше ай өткеннен кейін ғана түсінген.
«Оңай ақшаға қызықтым»
Атын жасырын беруімізді қалаған кейіпкеріміздің айтуынша, бәрі қарапайым ұсыныстан басталған. Белгілі бір мөлшерде ақша салса, оған үстеме пайыз қосылып қайтарылатыны айтылған. Алғашында аз мөлшерде ақша берген. Ақшасы уақытында қайтарылып, үстіне пайда түсе бастаған соң, оның күдігі сейілген. Ең қауіпті кезең де осы жерде басталған. Алаяқтар онымен бір-екі рет қана сөйлесіп тоқтамаған. Күн сайын хабарласып, тұрақты байланыста болған. Осылайша бейтаныс адам біртіндеп таныс, тіпті сенім артуға болатын адамдай көріне бастаған.
– Басында оңай ақша табуға қатты қызыққанымды жасырмаймын. Алғашында аз мөлшерде ақша беріп жүрдім. Екінші жақтан ақшаның қайтарылып, үстіне пайда түсіп тұрғаны маған жақсы әсер қалдырды. Осылайша 4-5 ай сөйлесіп жүріп, құпия сөзімді қалай айтып қойғанымды да байқамай қалдым,-дейді ол.
Бұл жерде интернет-алаяқтықтың бір маңызды ерекшелігі көрінеді. Алаяқ көбіне бірден қылмыс жасамайды. Алдымен сенім қалыптастырады. Аз сомадан бастайды. Уәдесін орындайды. Күн сайын байланысқа шығады. Адамның күдігін жояды. Содан кейін ғана негізгі мақсатына көшеді. Яғни мәселе адамның «аңғалдығында» ғана емес. Қылмыскерлердің адам психологиясын әдейі пайдалануында.
«Сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр»
Кейіпкеріміз алаяқтардың арбауына түскенін өзіне қатысты несие рәсімделіп жатқанын білгенде де бірден түсінбеген. Бір күні банк қызметкері оған қоңырау шалып, атына несие рәсімделіп жатқанын айтқан. Мұндай хабарлама кез келген адамды абдыратып тастайтыны анық.
– Шынында да, бас кезінде түсінбей, делдал болып қалғанымды жасырмаймын. Бұл қалайша бұлай болғаны деп әлі күнге дейін таңырқау үстіндемін. Сол күні маған банк қызметкері қоңырау шалды. Тұтқаны алсам, ар жағынан: «Сіз не істеп жатырсыз? Сіздің атыңызға несие мақұлданып жатыр», – демесі бар ма? Содан кейін бірден телефонды қоя салдым,-дейді ауыл тұрғыны.
Алайда мәселенің шын мәнін ол сол сәтте толық түсінбеген. Бір айдан кейін банк қызметкері қайта хабарласып, осы айдың қарызы төленбегенін айтқанда ғана жағдайдың мән-жайын анық аңғарған. Сөйтсе, өзі бірнеше ай бойы сөйлесіп жүрген адам – сенімге кірген алаяқ болып шыққан. Осыдан кейін кейіпкеріміз мәселені заң аясында шешуге бел буып, полицияға жүгінген. Алайда қылмыскерлердің Қазақстан аумағынан емес, шетелден әрекет еткені анықталған. Бұл істі одан әрі күрделендірген.
Кейіпкеріміздің айтуынша, мәселені шешу үшін сотқа жүгініп, несиені жабуға тура келген.
– Мен не істерімді білмегендіктен бірден аудандық полиция бөліміне бардым. Олар маған қарызды төлемеу мәселесін сот арқылы шешуге болатынын түсіндірді. Көп ойланбастан, сотқа жүгініп, несиені жабуға тура келді. Қазіргі таңда кредитім жабылғанымен, базада төленбеген қарыз ретінде сақталып тұр. Бірнеше ай бойы алаяқпен сөйлесіп, оның әр қоңырауы әрі сөзі сенімді, қойған сұрақтары шынайы көрінді,-дейді ол.
Бір қарағанда, бұл – бір адамның басынан өткен оқиға. Бірақ мәселенің ауқымы одан әлдеқайда кең. Өйткені мұндай жағдайлар қайталанып отыр. Алаяқтардың әдісі өзгергенімен, негізгі механизмі өзгермейді: сенімге кіру, психологиялық қысым жасау және адамды асығыс шешім қабылдауға мәжбүрлеу.
20 істен 15 іске дейін
Аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Дулат Нұрмұханбетовтің айтуынша, интернет-алаяқтық фактілері бойынша өткен жылы ауданда 20 қылмыстық іс тіркелген. Биыл бұл көрсеткіш 15 құқық бұзушылықты құраған. Салыстырғанда, тіркелген фактілер саны 25 пайызға төмендеген. Бұл белгілі бір деңгейде оң көрсеткіш болғанымен, интернет-алаяқтықтың қоғам үшін қауіптілігі азайды деген сөз емес. Өйткені бір ғана қылмыстың артында материалдық шығынмен бірге адамның психологиялық күйзелісі, уақыт жоғалтуы, қарызға батуы және қаржы жүйесіне деген сенімінің әлсіреуі тұруы мүмкін. Қылмыстарды саралау барысында жәбірленушілердің 75 пайы-зы әйелдер, 50 пайызы егде жастағы азаматтар екені байқалған. Бұл көрсеткіштер алаяқтардың кездейсоқ құрбан іздемейтінін аңғартады. Олар адамның әлсіз тұсын іздейді. Біреуді ақша табу мүмкіндігі қызықтырса, екіншісін қауіптен құтылу ниеті итермелейді. Үшіншісі мемлекеттік орган өкіліне деген табиғи сеніміне сүйенеді.
Қазіргі интернет-алаяқтықтың тағы бір ерекшелігі – қылмыскерлердің өздерін түрлі сала қызметкері ретінде таныстыруы. Банк қызметкері, полиция өкілі, медицина маманы, электр желісінің қызметкері, «Қазпошта» қызметкері, ұялы байланыс операторы – алаяқтар үшін мұның бәрі қолданылатын рөлдер.Әдісі де қарапайым әрі адамның күнделікті өміріне жақын. «Сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр», «шотыңыздан күдікті операция жасалуда», «телефон нөміріңіздің мерзімі аяқталды», «қызмет көрсетуге байланыс-ты кодты айтыңыз» деген мазмұндағы сөздер адамның бойындағы алаңдаушылықты бірден оятады. Адам шын мәнінде банк қызметкерімен немесе мемлекеттік орган өкілімен сөйлесіп тұрғандай әсер алады. Қылмыскерлер кәсіби терминдерді қолданады, нақты сұрақтар қояды, әңгімені үзбей ұстайды. Кейде бірнеше адам кезек-кезек қоңырау шалып, бір сценарийді жалғастырып отыруы мүмкін. Мұндай жағдайда адамның ойлау қабілеті эмоцияның көлеңкесінде қалады. Қорқыныш пайда болған сәтте ол «Бұл шынымен банк пе?», «Неге менен код сұрап тұр?», «Неге дәл қазір әрекет етуім керек?» деген қарапайым сұрақтарды қоюға үлгермей қалуы мүмкін.
Соңғы уақытта бұл қатарға жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланатын жаңа әдістер де қосылып келеді. Танымал адамдардың бейнесі мен дауысын қолдан жасап, олардың атынан жалған инвестициялық жобаларды жарнамалау арқылы азаматтарды ақша салуға үгіттейтін жағдайлар кездеседі. Демек, технология дамыған сайын алаяқтықтың да сыртқы формасы өзгеріп жатыр. Бұрын адам жалған мәтіннен немесе күмәнді хабарламадан сақтанса, енді жасанды түрде жасалған дауыс пен бейнеге де сын көзбен қарауға тура келеді. Бұл цифрлық сауаттылықты тек компьютер немесе смартфон қолдана білу деңгейінде қалдырмауды талап етеді. Азамат ақпараттың шынайылығын тексеруді, жеке деректерді қорғауды, күмәнді сілтемені ашпауды, белгісіз адамға код бермеуді және қысым жағдайында эмоцияға емес, фактіге сүйенуді білуі қажет.
Сондықтан интернеттегі ең мықты қорғаныс – технологияның өзі емес, адамның күмән келтіре білуі. Қоңырау аяқталған соң жоғалтатын бірнеше минуттың орнына, алаяққа сеніп қалған жағдайда жылдар бойы өтелмейтін салдар қалуы мүмкін. Сақтық – интернет-алаяқтықтан қорғанудың ең қарапайым әрі ең тиімді құралы.
Гүлнұр ӨТЕГЕН



