Хамит Ерғалиев ауылының тұрғыны Ақзия Құбашқызы – 87 жасты еңсерген, ғибратты ғұмырымен кейінгі буынға үлгі болып отырған ардақты әже. Ол немере келіні Ақсана Ғазизқызымен бірге №128 сайлау учаскесіне келіп, Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысты.
Күміс алқа иегері, Ақзия Құбашқызы бүгінде 32 немере-жиен мен шөберенің сүйікті әжесіне айналған Ақзия апа – бір әулеттің ғана емес, ауылдың да сыйлы жанашыры.
Еңбек жолын Новобогат совхозының жұмысшылар кооперативінде дүкенші болып бастаған Ақзия әже ұзақ жылдар бойы елге адал қызмет етті. Сауда саласында жүріп талай адаммен етене араласып, елдің алғысына бөленді. Еңбегі мен өмірлік тәжірибесі оны ауылдастары арасында абыройлы жан ретінде қалыптастырды.
Жасы ұлғайса да, өнерден қол үзген емес. Күні кешеге дейін ауылдағы әжелер ансамблінің құрамында ән айтып, мәдени шаралардың көркін қыздырып жүрді. Әнге деген ықыласы мен сахнаға деген сүйіспеншілігі оның сергек рухын аңғартатындай.
Ақзия әженің өнегелі өмірі бүгінде әлеуметтік желіден де көрініс табуда. Немере келіні, Атырау телеарнасының журналисті, қазіргі таңда бала күтіміне байланысты үйде отырған Ақсана Ғазизқызы енесімен бірге отбасылық контент жасап, көпшілікке танытып келеді. Екеуінің жарасымды қарым-қатынасы, әже мен келін арасындағы сыйластық пен әзілге толы сәттері оқырманның ыстық ықыласына ие болған.
Ақзия әже үшін отбасы – өмірінің өзегі. Балалары мен немерелерінің қызығын көріп, ұрпағының ортасында ақылын айтып, батасын беріп отырған кейуананың әрбір сөзі – кейінгі буынға өнеге. Ал немере келінімен бірге түсірілген бейнелерінен әже мен келіннің арасындағы жарасымды сыйластықты, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті анық аңғаруға болады.
87 жасында да елмен бірге етене араласып, өнерден қол үзбей, ұрпағының қызығын көріп отырған Ақзия Құбашқызының ғұмыры – еңбек пен отбасы құндылығының, өнер мен өнегенің сабақтастығын көрсететін тағылымды өмір жолы.


