Қазақтың «жақсылық жасасаң, балаға жаса» деуі халқымыз ертеден-ақ ертеңін ойлағанын, сол ертеңінің иесі ретінде болашағы баланың жағдайын жасауға басымдық бергенін көрсетеді. Сол қазақтың бүгінгі ұрпағы өз алдына ел болғалы заман көшінен қалмай, тұтас бір жылды Балалар жылы атауы, бүлдіршіндеріміздің оқып-тоқуы өз алдына, шыныққан шымыр болуына да көңіл бөлгені қуантады.
Осы тұрғыдағы жарқын бастамалардың бірі – тек қалаларда ғана емес, ауылдарымызда да балалар мен бүлдіршіндеріміз үшін спорт алаңдары мен ойын алаңдарының көптеп салынуы. Еліміздің басқа өңірлеріндегідей, бұл жақсы үрдіс ауданымызда да қанат жайды. Деректерге қарағанда, қазір ауданымыздағы жеті ауылдық округ бойынша есеп жасағанда 22 балалардың ойын алаңы бар, жақсы көрсеткіш. Әсіресе кешкілік уақыттарда сол алаңдардағы балалардың көңілді күлкісі мен алаңсыз ойындары жаныңды жадыратады.
Бәрі жақсы, тек көңілді алаң ететін бір жайт бар. Ол – сол алаңдардың көпшілігінде оған апаратын аяқжолдардың жоқтығы салдарынан әлгі ойын, спорт алаңдарына бет алған балалар мен бүлдіршіндердің ауылішілік автокөлік жолдары бойымен жүруге мәжбүр болуы. Бұл - балаларымыздың өміріне қауіп төндірерлік көрініс, өйткені қазір ауылдарда да техниканың түрі көп, яғни ауылішілік жолдардағы көлік қозғалысы да уақыт өткен сайын артып отыр. Оның өзі әлгі қаупімізді еселей түсерін түсіндіріп жатудың керегі де болмас.
Әрине, бұның бәрі айналып келгенде қаржыға тірелетіні, оның сызба-жобаларының да біраз уақыт алатыны белгілі жайт. Алайда жарқыраған алаңдардың жанындағы кедір-бұдырдан құлап-сүрінген бүлдіршіндерді көргенде «жақсылық қылсаң, бүтін қыл» дейтін сөз еріксіз ойға орала береді.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР

