Алғашқы ошақ Зинеденде тіркелді

 

Аудандағы эпизоотиялық жағдайдың бастауына үңілсек, алғашқы дабыл үстіміздегі жылдың 14 қаңтарында тіркелген. Дәл осы күні Зинеден ауылдық округіне қарасты жеке тұрғындар мен шаруашылық иелері мүйізді ірі қара малдарының белгісіз дертке шалдығып жатқанын байқап, ветеринар мамандарға хабар берген. Бұл – індеттің алғашқы ошағы анықталған сәт еді. Аурудың клиникалық белгілері де алаңдатарлық болды. Малдың ауыз қуысы мен тілінде жаралар пайда болып, ауызынан үздіксіз сілекей аға бастаған. Сонымен қатар тәбеті күрт төмендеп, жем-шөпке қарамай, әлсіреу белгілері байқалған. Мұндай симптомдар індеттің жұқпалы әрі тез таралу қаупі бар екенін аңғартты. 

Жағдайды жедел бағалаған ветеринар мамандар бірден әрекетке көшіп, ауырған малды сау малдан оқшаулады. Індеттің нақты себебін анықтау үшін қажетті сынамалар алынып, Астана қаласындағы «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығы» РМК зертханасына жіберілді. Зертханалық қорытынды көп ұзамай белгілі болып, мүйізді ірі қара малдары арасында вирустық диарея мен инфекциялық ринотрахеит аурулары расталды. Осы қорытындыға сәйкес індеттің одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында шұғыл шектеу шаралары енгізілді. Аудандық аумақтық инспекциясы басшысының ұсынысы негізінде Зинеден ауылдық округі әкімінің шешімімен аталған аумаққа арнайы шектеу іс-шаралары белгіленді. Бұл – індет ошағын оқшаулап, бақылауды күшейтуге бағытталған маңызды қадам болды.

Қазіргі таңда аталған ошақта 38 ауладан 233 бас мүйізді ірі қара малдың ауырғаны тіркелді. Соның ішінде 227 бас мал ветеринариялық ем-шаралардың нәтижесінде сауығып шықты. Қалған 6 бас малға симптоматикалық емдеу жалғасып, олардың жағдайы тұрақты бақылауда ұсталып отыр. Індет ошағында санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ауқымды дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ Атырау филиалының мамандары жалпы көлемі 38 000 шаршы метр аумақты қамтитын қора-жайлар мен аулаларды толық залалсыздандырды. Бұл – инфекцияның таралу тізбегін үзуге бағытталған негізгі шаралардың бірі. Жалпы алғанда, дер кезінде қабылданған шешімдер мен үйлесімді жүргізілген жұмыстар індеттің кеңінен таралуына тосқауыл болып отыр. Дегенмен мамандар сақтықты босаңсытпау керектігін айтып, әрбір мал иесін жауапкершілікке шақыруда. Себебі мұндай індеттерге қарсы күресте жүйелі бақылау мен ортақ әрекет қана нәтиже береді.

 

Жайна ӨМІРҚҰЛ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT