Уақыт өткен сайын тарихы терең білім ордаларының қадірі арта түсетіні анық. Себебі әр мектеп – талай шәкірттің балалық шағы мен болашағын тоғыстырған қасиетті мекен. Сондай тағылымы мол оқу орындарының бірі – бұрынғы Амангелді атындағы орта мектеп. Іргесі 1928 жылы қаланған бұл білім ордасы талай буынға сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, елге қызмет етер азаматтарды тәрбиелеп шығарды.
1966 жылы жаңа мектеп ғимараты пайдалануға беріліп, білім шаңырағының жаңа кезеңі басталды. Сол кезеңде мектеп директоры Мұхсимат Жұмалиев болып, алғашқы шәкірттерге сапалы білім мен өнегелі тәрбие беруге зор үлес қосты. Ал түлектер мектеп бітірер тұста, яғни 1976 жылы, білім ордасының директоры қызметін Мерген Егізбаев атқарды. 1996 жылдың 25 қарашасында қабылданған №1444 шешімге сәйкес мектепке белгілі педагог әрі дарынды күйші Ғибатолла Мәсәлімовтің есімі берілді.

Бүгінде осы мектептің жаңа ғимаратының алғашқы түлектері араға елу жыл салып, аяулы білім ордасына арнайы келіп, соңғы қоңырау салтанатына қатысты. Бір кезде өздері білім алған алтын ұяға қайта оралған түлектер шәкірттік шақтың шуақты күндерін еске алып, ұстаздарға деген құрметтерін білдірді.

Салтанатты шара барысында 1959 жылы туған ардагер түлектер 11-сынып оқушыларына қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының «Қара сөздер» кітабын табыстап, жас буынға білім мен парасаттың қадір-қасиетін насихаттады. Кездесуде сөз алған ардагер түлек Нұролла Сатенов туған мектепке деген ыстық сағынышын тебіреніспен жеткізді.
– Біз оқыған кезде бұл білім ордасы Амангелді атындағы орта мектеп еді. Қазір, міне, Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектепке айналды. Осы мектеп 1966 жылдың күзінде пайдалануға беріліп, біз алғаш табалдырығын аттаған шәкірттердің бірі болдық. Сол жылдары бастауыштағы сынып жетекшілеріміз Рамазан Губашев пен Звайда Матаева, Масиха Сидахметова болса, 5-сыныптан бастап шәкірт тәрбиесіне Аженова Күлән мен Қалымов Тоқтарбай, Уап Тағатов атсалысты. Осындай ұлағатты ұстаздардың тәлімімен білім алған шәкірттер бүгінде елдің әр саласында еңбек етіп жүр. 1976 жылы 87 түлек болып қанат қақтық. Бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналып, алтын ұямызға үлкен сағынышпен келіп отырмыз. Осы қара шаңырақтан талай дарынды шәкірт түлеп ұшты. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» дегендей, туған жер әркімге ыстық. Туған елдің аты жақсы жағынан шықса, соған шын қуанып жүретіндердің біріміз, - деді ол.

Сондай-ақ ардагер түлектер ұлттық өнерге деген құрметтің белгісі ретінде қасиетті қара домбыраны мектепке сыйға тартты. Күйші-домбырашы Ғибатолла Мәсәлімов есімін иеленген білім ордасына жасалған бұл тағылымды тарту жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды дәріптеп, өнер мен руханиятқа деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған игі қадам болды.

Сонымен қатар алғашқы түлектер мектеп табалдырығын енді ғана аттаған 1-сынып бүлдіршіндеріне оқу құралдарын сыйлап, оларға жарқын болашақ пен сәтті оқу тіледі.

Тағылымы мол бұл кездесу ұрпақтар сабақтастығын айшықтап, білім мен тәрбиенің, ұлттық құндылықтардың қашанда биік тұратынын көрсеткен әсерлі әрі мәні терең шара болды.

Сағыныш САЙЛАУБАЙ

